Түркия Израильге қатысты экономикалық саясатын күшейтіп, иврит тілінде жазылған тауарларды жеткізуге тыйым салып отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркия порттарында иврит тілінде жазылған тауарларды жөнелтуді кейінге қалдырып, шектей бастады. Бұл Израиль мен Түркия арасындағы сауда көлемін азайтудың жаңа тәсілі ретінде қарастырылуда.
Өткен жылдың мамыр айында Анкара Израильге экспортқа эмбарго енгізді. Алайда енді бұл шаралар арттырылуда. Көп жағдайда мәселе азық-түлік өнімдеріне қатысты. Оларды Израильге тікелей жөнелтуге тыйым салынған.
Шектеулерді айналып өту үшін израильдік импорттаушылар тауарды үшінші елдер арқылы транзитпен жеткізу кестесін пайдаланған. Мұндай елдердің қатарында Иордания, Мысыр, Грекия және Словения бар.
Мысалы Түркиядан шыққан жүктер иорданиялық тапсырыс берушілерге арналғандай көрсетіліп, Хайфа портына жеткізілген.
Алайда құжаттар өзгертіліп, меншік құқығы қайта рәсімделгеннен кейін тауарлар Израильде қалып отырған. Кейбір жағдайларда жүк үшінші елдің портында басқа кемеге тиеліп, содан кейін ғана Израиль порттарына жеткізілген.
Израильдік кәсіпкерлердің айтуынша, Түркия енгізген жаңа шектеулер Президент Режеп Тайып Ердоғанның Израильге қысым жасау саясатын жалғастырып жатқанын көрсетеді. Бұл қысым ең алдымен Газа секторындағы соғысқа байланысты.
Дональд Трамп әкімшілігі екі тарапты экономикалық қарым-қатынасты біртіндеп қалпына келтіруге шақырып отыр.




















