Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи Тегеран мен Минск өзара сауда көлемін ұлғайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Минскіде Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен өткен кездесудің қорытындысы бойынша журналистер алдында сөйлеген сөзінде айтты.
Министр Арақчи Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездескенін және келіссөздің сәтті өткенін мәлімдеді.
Арақчи екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын қуаттап, Президент Лукашенконың Тегеранға, Иран Президенті Масуд Пезешкианның Минскіге жасаған сапарлары екіжақты өзара іс-қимылда сапалы серпіліске жол ашқан бетбұрыс кезеңдері болғанын атап айтты.
Сондай-ақ, Арақчи халықаралық көптеген мәселе бойынша ұстанымдардың бір екенін және екі ел арасындағы саяси консультациялардың тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтты.
Экономикалық күн тәртібіне тоқталған Иран Сыртқы істер министрі сауда байланысы деңгейі жоғары болғанымен, қазіргі көрсеткіштердің жеткіліксіз екенін атап: “Ынтымақтастық кең ауқымды саланы қамтиды. Біз инвестициялар мен бірлескен өндіріс саласында табысты қадам жасадық”, -деді.
Арақчи Иранның Беларусьтен калий тыңайтқыштарын сатып алатынын және сапар барысында осы саладағы экономикалық ынтымақтастықты жеңілдету туралы шешімдер қабылданғанын хабарлады.
Министр өткен аптада Тегеранда бірлескен экономикалық комиссияның отырысы өткенін және Беларусь Өнеркәсіп министрінің сапары барысында маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін еске салды.
Министрдің айтуынша, Беларусь Көлік министрі транзит және халықаралық тасымалдау мәселелерін талқылау үшін жақын арада Иранға сапармен келеді деп күтілуде.


















