Армения Премьер-министрі Никол Пашинян елінің Иранмен стратегиялық серіктестік туралы құжатқа қол қоюға дайын екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Премьер-министр Пашинян кеше, бейсенбі күнгі брифингте мәлімдеп, Армения мен Иран арасындағы қарым-қатынасты өте жоғары деңгейде деп атады.
Никол Пашинян: “Біздің Иран Ислам Республикасымен қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейде. Біз Тегеранмен стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қоюға дайынбыз”, — деді.
Сонымен қатар Пашинян Тегеранмен ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанына тоқталып, жаңа келісімнің екіжақты байланысты одан әрі нығайта алатынын айтты.
Пашинянның айтуы бойынша, мұндай келісім экономикалық және дипломатиялық өзара іс-қимылды одан әрі жақындатуға жол ашып, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық өсімге ықпал етуі мүмкін.
“Азат ТВ” телеарнасының мәліметінше, бұл бастама Арменияның соңғы сыртқы саяси басымдықтарына сәйкес келеді және Ереванның түрлі халықаралық серіктестермен қарым-қатынасты дамытуға әрі көпвекторлы дипломатиялық ұстанымды ұстануға деген ұмтылысын көрсетеді.
«Армстат» мәліметінше, Иран Арменияның ең ірі бес сыртқы сауда серіктесінің қатарына кіреді.
2025 жылдың 10 айында Армения Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы тауар айналымы 636,2 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға өскен.
Сондай-ақ, Иран Арменияға туристік сапарлар саны бойынша 3-ші орында тұр. Армения Республикасының Туризм комитетінің деректеріне сәйкес, 11 айдың ішінде Ираннан 166 318 турист келген. Бұл аталған кезеңдегі жалпы туристердің 8 пайызын құрайды.


















