Ирандық кәсіпкерлер “Пандж” арнайы экономикалық аймағының аумағында құрылыс арматурасын шығаратын кәсіпорын ашады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, ирандық кәсіпкерлер Тәжікстанның “Пандж” арнайы экономикалық аймағының аумағында құрылыс арматурасын өндіретін кәсіпорын құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға қызығушылық білдірді.
Бұл туралы “Пандж” арнайы экономикалық аймағының баспасөз орталығы мәлімдеді.
Бұл бастама 14 қаңтар күні Тәжікстанның “Пандж” арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің басшысы мен Иран Ислам Республикасы кәсіпкерлерінің кездесуі барысында талқыланды.
Келіссөз аясында өндірістік нысанды “Пандж” арнайы экономикалық аймағының аумағында орналастыру, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, Тәжікстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың субъектілері үшін көзделген жеңілдіктер мен преференциялар беру шарттары, сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру кезеңдері мен одан әрі ынтымақтастық келешектері қарастырылды.
Тәжікстанның “Пандж” арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің басшылығы қонақтарды аймақтың құқықтық мәртебесі, инвестициялық әлеуеті, қолданыстағы резиденттер және арнайы экономикалық аймақ аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың артықшылықтары туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келіссөздерді жалғастыруға және жобаны іске асыру мақсатында оны егжей-тегжейлі пысықтауға қызығушылық танытты.



















