Нури Әл-Малики Америка Құрама Штаттарының Ирактың ішкі ісіне араласуы ел егемендігін өрескел бұзу болып табылатынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ирак премьер-министрі лауазымына үміткер Нури Әл-Малики АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемесіне қатаң жауап беріп, Бағдаттың өз ішкі істерінде Вашингтонның талаптарын қабылдамайтынын атап айтты.
Әл-Маликидің бұл мәлімдемесі Дональд Трамптың Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін жасалды.
АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Әл-Маликидің билікке қайта оралуына қарсы шығып, ол премьер-министр болып қайта сайланған жағдайда АҚШ Иракқа көрсетілетін қаржылай және өзге де көмекті толық тоқтататынын ескерткен болатын.
Нури Әл-Малики Трамптың бұл мәлімдемесінен кейін X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: “АҚШ-тың Ирактың ішкі істеріне кез келген араласуын біз қабылдамаймыз және мұны ұлттық егемендіктің өрескел бұзылуы деп санаймыз”,- деп жауап қайтарды.
Ирак саясаткері халықаралық қатынас күш тілімен емес, өркениетті диалог негізінде құрылуы тиіс екенін айтып: “Елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жалғыз қолайлы жолы — саяси диалог. Өз еркін таңу әрекеттері мен қоқан-лоққы көрсетуге қазіргі заманғы саясатта жол берілмейді”, — деді.
Әл-Малики сыртқы қысымға қарамастан, Ирак халқының жоғары мүдделеріне сай келетін жолмен соңына дейін баруға ниетті екенін айтты.



















