Иран Президенті Масуд Пезешкиан соғыстың Иранға, Америка Құрама Штаттарына және аймаққа еш пайда әкелмейтінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисимен телефон арқылы сөйлесу барысында айтты.
Пезешкиан сұхбат барысында Иран Ислам Республикасы үшін мәселелерді дипломатия жолымен шешу әрдайым соғыстан жоғары тұратынын баса айтты. Пезешкиан Америка Құрама Штаттары мен сионистік режимнің өшпенділікті күшейтуге, қақтығыстарды ушықтыруға, соғыс тудыруға және оны таңуға, сондай-ақ Иранға қысым көрсетуге, санкциялар енгізуге және ішкі тұрақсыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттеріне тоқталып, Иран Ислам Республикасының ешқашан соғысқа ұмтылмағанын қуаттады.
Президенттің айтуы бойынша, Тегеран соғыстың Иранға да, Америка Құрама Штаттарына да, аймақ елдеріне де пайда әкелмейтініне сенімді. Иран Президенті Тегеранның тең құқықты негізде, қоқан-лоққысыз, сабырлы әрі сындарлы жағдайда диалог жүргізуге мүмкіндік беретін дипломатиялық үдерістерді қалыптастыру мен лайықты дипломатияны жүзеге асырудың қажеттігін талап ететінін айтып: “Иран үшін мәселелерді дипломатия арқылы шешу әрдайым соғыстан басым. Алайда Ислам Республикасы өз аумағына жасалған кез келген агрессия немесе шабуылға батыл жауап қайтарады”, -деді.
















