Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі екі елді мекенге ұшқышсыз ұшу аппараттары мен артиллерияны қолдана соққы жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Израиль 2024 жылғы қараша айында Ливанмен атысты тоқтату туралы қол жеткізілген келісімді бұзуды жалғастыруда.
Ливанның NNA агенттігінің мәліметінше, сионистік режимнің ұшқышсыз ұшу аппараттары Ливанның оңтүстігіндегі Билида елді мекеніндегі тұрғын үйге шабуыл жасады. Шабуыл жасалған тұрғын үйдегі адамдар ғимараттан шығып кеткен соң үйге Израиль әскерилері басып кірген.
Сонымен қатар, Айта аш-Шааб елді мекеніндегі орталық алаң артиллериялық шабуылға ұшырады. Сондай-ақ, ұшқышсыз ұшу аппараттары төрт акустикалық қару тастаған.
Ливан билігі әзірге бұл шабуылдардан қаза тапқандар мен жараланғандар туралы хабарлаған жоқ.
Израиль Ливанға қарсы шабуылдарын 2023 жылдың қазан айында бастады. 2024 жылдың қыркүйегінде қақтығыс толық ауқымды соғысқа ұласты. Ұрыс қимылдары барысында 4 мыңнан астам адам қаза тауып, шамамен 17 мың адам жараланды.
2024 жылғы 27 қарашада Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеніне қарамастан, Израиль оны мың мәрте бұзды.
Ливанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 27 қараша мен 2025 жылғы 20 қараша аралығында Израильдің атысты тоқтату режимін бұза отырып жасаған шабуылдары салдарынан 331 адам қаза тауып, 945 адам жараланған.



















