Дональд Трамптың беделі екінші президенттік мерзіміндегі ең төменгі деңгейге түсті.
Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінде оның жұмысына көңілі толмайтындардың көрсеткіші ең жоғары деңгейге жетті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл нәтижелерді белгілі статист әрі саяси сарапшы Нейт Сильвер америкалық Newsweek журналы үшін жүргізген ұлттық сауалнамаларды талдау негізінде ұсынды.
Сильвер өз блогында Трамптың қызметін қолдау деңгейі 40,5 пайызға дейін төмендегенін, ал америкалықтардың 55,5 пайызды оның президенттігіне қарсы екенін көрсетті. Осылайша, оның беделінің рейтингі шамамен минус 15 бірлікке түскен. Бұл Трамптың екінші билік кезеңіндегі ең нашар көрсеткіші.
АҚШ саясатында бұл көрсеткіш әрқашан қоғамдық пікірдің термометрі ретінде қызмет етеді. Оның өзгеруі үкімет шешімдеріне халықтың реакциясын ғана емес, сонымен бірге алдағы сайлау нәтижелерін болжайтын маңызды белгі болып табылады. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, Ақ үйді иеленбей отырған партия әдетте аралық сайлауда жақсырақ нәтиже көрсетеді. Бұған айқын мысал — 2018 жылғы сайлау. Ол кезде республикашылар Өкілдер палатасындағы бақылаудан айырылып, демократтар 41 орынға ие болған еді.
Бүгінгі таңда да республикашылар Конгрестің екі палатасында да өте аз басымдықпен ғана билік жүргізіп отыр. Осы екі институттың біреуін болсын жоғалту олардың негізгі заң жобаларын қабылдау және саяси бағдарламаларын ілгерілету қабілетін айтарлықтай шектеуі мүмкін.
Сильвердің талдауына сәйкес, Трамптың қазіргі танымалдылығы тіпті алдыңғы президент Джо Байденнің бірінші мерзіміндегі сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен. Сондай-ақ, Трамптың өз басының бірінші президенттік кезеңімен салыстырғанда да қазіргі жағдайы әлсіз деп бағалануда.
Басқа сауалнамалар да көңіл көншітерлік сурет сызып отырған жоқ. YouGov әлеуметтік зерттеу компаниясының сауалнамасында респонденттердің жартысына жуығы Трамптың жұмысын «нашар» деп сипаттаған. Бұл — осы зерттеуде салыстырылған АҚШ-тың 20 президентінің арасындағы ең төменгі баға.
Осыған ұқсас нәтижелерді Associated Press агенттігі мен NORC Center for Public Affairs Research зерттеу орталығы да жариялады. Бұл сауалнамада қатысушылардың тек 36 пайызы Трамптың қызметіне риза болса, 62 пайызы оны теріске шығарған. Нәтижесінде танымалдылық көрсеткіші минус 26 бірлікке тең болды, бұл ол үшін тіркелген ең төменгі деңгейлердің бірі.
Танымалдылықтың бұл құлдырауы республикашылардың сайлаудағы бірқатар жеңіліспен тұспа-тұс келді. Бірнеше жергілікті және аралық сайлауларда бұл партияның кандидаттары маңызды орындардан айырылды, соның ішінде Техас штатының Сенатындағы сайлау округтерінің бірінде ауыр жеңіліске ұшырады.
Дегенмен, құбылмалылық нышандары да байқалады. InsiderAdvantage компаниясының соңғы жалпыұлттық сауалнамасы Трампты қолдау деңгейінің 50 пайызға жеткенін көрсетеді, бұл — оның соңғы апталардағы ең жоғары көрсеткіші.
Президент қоғамдық пікірдің күшті қысымына тап болып отыр. Америкалықтардың басым бөлігі оның жұмысын теріс бағалайды, ал АҚШ-тың саяси тарихы мұндай жағдайдың биліктегі партия үшін сирек жақсы белгі болатынын көрсетеді. Егер бұл үрдіс өзгермесе, алдағы аралық сайлау республикашылар үшін ауыр шығынға әкеп соғуы мүмкін.













