Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рамазан айын дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға үндейтін мезгіл деп атады.
Мемлекет басшысы күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтап: “Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл.
Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді.
Оразаның рухани құндылықтарын қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалды ескере отырып, кемел санамен қабылдау, оның түпкі мағынасын дұрыс түсіну – үлкен имандылықтың белгісі.
Біз дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарымызды қастерлей отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық сияқты мызғымас қағидаттарды терең түсінетін әрі мүлтіксіз сақтайтын ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатырмыз. Мұның бәрі қасиетті Рамазан айының мәңгілік ұлағатымен толық үндеседі.
Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қоғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа шапағатын тигізетіні сөзсіз.
Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!” — деді.
Айта кетейік, 2026 жылы Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Биыл ораза 29 күнге созылады. Пітір садақасы – 735 теңге.













