Қазақстан азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жариялап, Иран Ислам Республикасының төңірегінде шиеленістің сақталуына байланысты Қазақстан азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынды.
Қазақстан СІМ мәлімдемесінде: «Қазіргі уақытта Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына елден мүмкіндігінше шығып кетуді, сондай-ақ, қауіпсіздік шараларын барынша сақтауды, қырағылық пен сақтық танытуды, жаңалықтарды қадағалап отыруды және жергілікті билік органдарының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауды ұсынамыз.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыс елдеріне сапарларды жоспарлау барысында қазіргі жағдайды және оның күрделілену қаупін назарға алып, жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Қазақстанның Ирандағы дипломатиялық мекемелері штаттық режимде жұмыс істеуде.
Қосымша әрі жедел ақпарат алу үшін Иранда жүрген ҚР азаматтары мен олардың Қазақстандағы туыстары үшін байланыс желілері ашылды» деп жазылған.
















