Иран зымыран соққыларын анағұрлым қуатты әрі ұзақ қашықтыққа жететіндей етіп күшейтетінін хабарлады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, дүйсенбі күні Ислам революциясы Сақшылар корпусының әуе-космостық күштер командирі Сейед Маджид Мусави мәлімдеді. Сейед Маджид Мусави: «Біз зымыран кешендеріміздің ұшу қашықтығы мен қуатын арттырып жатырмыз. Енді салмағы бір тоннадан кем оқтұмсықпен бірде-бір зымыран ұшырылмайды»,-деді.
Мұның алдында Израиль Қорғаныс армиясы Иран инфрақұрылымының ондаған нысанына бірқатар соққы бергенін мәлімдеді. Израиль Қорғаныс армиясының хабарлауынша, шабуыл жасалған нысандардың арасында Ислам революциясы Сақшылар корпусы штабының ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару орталығы да бар.


















