Иран F-15Е жойғыш ұшағының екінші ұшқышын құтқару бойынша АҚШ операциясының сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Хатам әл-Анбия орталық штабының баспасөз хатшысы Ибраһим Зұлпақари мәлімдеді.
Ибраһим Зұлпақари АҚШ президенті Дональд Трамптың жұма күні Иранда апатқа ұшыраған F-15E ұшағының екінші ұшқышы құтқарылды деген мәлімдемесін теріске шығарып: «Ұшқышты құтқару әрекеті нәтиже бермеді»,-деді.
Сонымен қатар, Зұлпақари Исфаһанның оңтүстігінде Американың екі Black Hawk тікұшағы мен бір C-130 әскери-көлік ұшағы атып түсірілгенін айтты.
Иран аспанында жұма, 3 сәуір күні құлаған АҚШ Әскери-әуе күштерінің F-15E жойғыш ұшағының екінші ұшқышын эвакуациялау операциясы кезіндегі екі тараптың мәліметтерінде айтарлықтай қайшылық бар.
BBC мәліметінше, F-15E жойғыш ұшағы жұма күні Исфаһан қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан таулы аймақта құлаған. Дәл осы жерде екінші америкалық ұшқышты іздеу және эвакуациялау операциясы жүргізілді.
Бірінші ұшқышты құтқарушылар сол күні-ақ тауып, Иран аумағынан алып шыққан.
Америкалық арнайы жасақ Иран құлатқан АҚШ Әскери-әуе күштерінің F-15E жойғыш ұшағының ұшқышын құтқару операциясы кезінде өздерінің екі бірдей C-130 көлік ұшағын жарып жіберуге мәжбүр болды.
Америкалық әскери қызметшілер ұшақтар Иранның қолына түспеуі үшін оларды әдейі жойып жіберген. Соның салдарынан жараланған ұшқышты және арнайы жасақ бөлімшелерін Кувейтке эвакуациялау үшін қосымша үш ұшақ жіберілген.
The New York Times және ABC басылымдарының хабарлауынша, америкалық арнайы жасақ Иранның таулы аймағында бір тәуліктен астам уақыт жасырынып жатқан ұшқышты алып шығу үшін ауқымды операция жүргізген. Операцияға бірнеше жүз арнайы жасақ жауынгері мен ондаған әскери ұшақ тартылған. Ұшқышты эвакуациялау кезінде тараптар арасында қарулы қақтығыс орын алған.
Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде арнайы жасақтың екінші ұшқышты сәтті құтқарып алғанын мәлімдеді.



















