Иранның қолдауына ие болған Хезболла қозғалысының табанды қарсылығы Ливанда бітімнің орнауына әсер етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ислам революциясы Cақшылар корпусы Құдс күштерінің қолбасшысы Исмаил Каани кеше, бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде айтты.
Исмаил Каани Ливан халқы мен бүкіл аймақ соғыс алаңында қаһарман Хезболланың жеңіске жеткенін жақсы білетінін айтып: «Егер бітімге қол жеткізілсе, бұл тек Ливанның қайтпас қайсарлығы мен Иран Ислам Республикасының қолдауының арқасында ғана мүмкін болды»,- деді.
Генерал Каани Ливан халқын қорлауға тырысқандарға ескерту жасап, Хезболланың сионистік режим мен оның америкалық қолдаушыларына қарсы күресі ливандықтарды бағындыру мүмкін емес екенін дәлелдегенін баса айтты.
Каани Иранның қарсыласу осін қолдауды жалғастыратынын қуаттап, түн ортасында күшіне енетін атысты тоқтату келісімі Хезболла мен Ливан үшін табандылық арқылы қол жеткізілген стратегиялық жеңісі ретінде бағаланатынын мәлімдеді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп кеше, бейсенбі, 16 сәуір күні Ақ үйде сөйлеген сөзінде Израиль мен Ливан арасында 10 күндік бітім жарияланғанын және Ливан уақыты бойынша түн ортасында бітім күшіне енетінін жариялады.
Ливан парламентінің мүшесі Хасан Фадлалланың айтуы бойынша, келісім Иранның дипломатиялық күш-жігерінің арқасында қол жеткізілген және Иран билігі АҚШ-тың келісім бойынша өз міндеттемелерін қалай орындайтынын қадағалайтын болады.
Айта кетейік, Иранның Америка Құрама Штаттарына ұсынған 10 тармақтан тұратын жоспарының негізгі шарттарының бірі- барлық майдандарда, соның ішінде Ливанда да шабуылдарды тоқтату болатын.



















