Беларусь Президенті Александр Лукашенко мамыр айының соңында Астана қаласына келеді.
Еуразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына және Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысуға шақырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенконмен телефон арқылы сұхбатта айтты.
Екі ел Президенттері өзара әңгімелесу барысында Қазақстан мен Беларусь арасындағы байланыстың жүйелі сипатқа ие болғанын және ынтымақтастықтың барлық саласында оң қарқын бар екенін қуаттады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко сауда-экономикалық әрі мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырды.
Тараптар өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы кездесулер жоспарын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы мамыр айының соңында Астанада өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақырды.
Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа екіжақты күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселелерді кешенді түрде талқылау, сондай-ақ алдағы жоспарлар мен перспективалы жобаларды айқындау үшін Беларусь еліне ресми сапармен келу туралы ұсынысын тағы да растады.
Сондай-ақ, сұхбат барысында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына және «Иннопром» халықаралық көрмесіне қатысу үшін осы жылдың күзінде Беларусь еліне сапары талқыланды.



















