Тегеран дипломатиялық кеңесті жалғастыруды және ислам елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды маңызды деп санайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Тегеран қаласына екінші мәрте сапармен келген Пәкістан Ішкі істер министрі Мохсин Нақвимен кездесуінде мәлімдеді. Келіссөз барысында тараптар өңірдегі соңғы оқиғаларды, екіжақты қарым-қатынастың дамуын, Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің барысын жан-жақты талқылады.
Президент Пезешкиан диалогты жалғастыру, ислам мемлекеттері арасындағы өңірлік ынтымақтастық пен үйлестіруді нығайту қажеттігін атап айтып, Пәкістан Үкіметіне аймақтағы тұрақтылықты және сындарлы өзара іс-қимылды сақтауға бағытталған ұстанымы мен күш-жігері үшін алғыс білдірді. Тараптар қолданыстағы уағдаластықтарды іске асыруға және Исламабад дәстүрлі түрде маңызды делдал рөлін атқаратын Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер үдерісін ілгерілетуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерге баса назар аударды.
Айта кетейік, Пәкістан Ішкі істер министрі Мохсин Нақви бір аптаға жетпейтін уақыт ішіндегі Тегеранға екінші рет келді.
Нақви алдыңғы сапары барысында Тегеранда жоғары деңгейдегі бірқатар кездесу өткізген болатын. Иран, Пәкістан, Масуд Пезешкиан, Дипломатия
















