Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Батыс Азиядағы шиеленістің түпкі тамыры Палестина мәселесінде жатқанын, басқыншылық жалғаса берсе, аймақта тұрақты бейбітшілік орнамайтынын баса айтты.
Бүгін, 29 маусым, дүйсенбі күні Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұлда өткен НАТО Парламенттік ассамблеясының жиынында мәлімдеме жасады. Ол сөзінде: «Өкінішке қарай, басқыншылық жалғасып, Израиль жерлерді басып алуды тоқтатпайынша, біздің аймақта тұрақты бейбітшілік орнамайды», — деді.
Ердоған тұрақты бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы — қос мемлекет құру концепциясы екенін мәлімдеп: «1967 жылғы шекаралар негізінде, аумақтық тұтастығы сақталған, егемен әрі тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылуы тиіс», — деді.
Ердоған сөзінің келесі бір бөлігінде Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымындағы (НАТО) екіұдай стандарттарды сынға алды:
«Біздің қосқан үлесімізге қарамастан, кейбір жағдайларда Түркияның Еуропа қауіпсіздігі үшін маңызды артықшылықтары мен еңбегінің ескерусіз қалатыны — шындық».
Түркия басшысы Анкараның Еуропаның әскери және қауіпсіздік барлық жобасына қатысуға мүдделі екенін айтып: “Саяси тар түсініктер мен шектеулерге байланысты Түркияның әскери әлеуетін шеттету ешкімнің мүддесіне сай келмейді. Біз НАТО миссияларында белсенді рөл атқарып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қомақты үлес қосып келеміз. Сондай-ақ, аймақтағы дағдарыстарды реттеудегі бірегей мүмкіндіктеріміз бен НАТО аясындағы кең ауқымды тәжірибемізді одақтастарымызбен бөлісуге әзірміз. Түркия өзінің қуатты қарулы күштерімен, заманауи әскери әлеуетімен және қарқынды дамып келе жатқан қорғаныс өнеркәсібімен 70 жылдан астам уақыт бойы НАТО-ның қауіпсіздігін жетекші одақтастарымен бірге сенімді қорғап келеді», — деді.
Айта кетейік, Түркия — Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымы НАТО-ға 1952 жылғы 18 ақпаннан бері мүше.
2026 жылғы жағдай бойынша Түркия бұл әскери одақтың құрамында 74 жыл бойы үзіліссз келе жатыр.
Түркия Қарулы Күштері жеке құрамының саны жағынан НАТО альянсында АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.
Түркияның ұйымға кіруіне сол кездегі Кеңес Одағының Түркия шекарасы мен Қара теңіз бұғаздарына, атап айтқанда Босфор мен Дарданеллге бақылау орнатуға тырысқан қысымы басты себеп болды.
















