Израиль басып алған Палестина жерін Америка елшілігін салу үшін бір долларға сыйлады.
Сионистік режим мен Америка сәрсенбі күні басып алынған Құдыста АҚШ елшілігі салыну үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Израиль Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жариялап, министр Гидеон Саар мен басып алынған жерлердегі Америка елшісі Майк Хакаби Құдыста Америка елшілігі кешенін салу үшін жер бөлу үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады.
Хакаби бұл туралы: «Осы жерді жалға беру келісімі 99 жылға жасалды. АҚШ Израильге бір доллар төлейді», — деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2017 жылғы желтоқсан айында президенттігінің алғашқы кезеңінде басып алынған Құдысты сионистік режимнің астанасы ретінде ресми түрде танып, Тель-Авивтегі Америка елшілігін аталған жерге көшіру туралы бұйрық шығарды.
Елшіліктің уақытша мекені 2018 жылы ашылды.
Бұл шешім басып алынған Құдыстың мәртебесіне қатысты халықаралық консенсусты бұзғаны үшін әлемдік деңгейде қатаң сынға ұшырады.
2022 жылы Палестинадағы «Адалаһ» құқық қорғау ұйымы елшілік кешеніне бөлінген жердің 1950 жылғы «Сыртта жүргендердің мүлкін тәркілеу туралы» заң негізінде палестиналықтардан тартып алынғанын мәлімдеді. Ұйым өкілдері архивтік құжаттарға сүйене отырып, бұл аумақтың 1948 жылға дейін палестиналық отбасыларға тиесілі болғанын, кезінде Британ мандатының билігіне жалға берілгенін дәлелдеп отыр.
«Адалаһтың» тұжырымдауынша, АҚШ-тың басып алынған Құдыстағы елшілігін кеңейту жоспары мен оған бөлінген жерді тәркілеу әрекеті халықаралық құқықты, соның ішінде жеке мүлікті экспроприациялауға тыйым салатын Гаага ережелерінің 46-бабын тікелей бұзады.
БҰҰ «екі мемлекет» шешімі аясында Шығыс Құдысты 1967 жылдан бері басып алынған Палестина аумағының ажырамас бөлігі деп таниды. Сондықтан қаланың табиғаты мен құқықтық мәртебесін өзгертуге бағытталған кез келген әрекет халықаралық құқық тұрғысынан заңсыз әрі жарамсыз саналады.
Алайда, Израиль билігі «екі мемлекет» принципіне түбегейлі қарсы екенін бірнеше рет ашық мәлімдеген болатын.
2018 жылы АҚШ өз елшілігін Құдысқа ресми түрде көшіргеніне қарамастан, әлем елдерінің басым көпшілігі халықаралық келісімдерді сақтай отырып, өз дипломатиялық өкілдіктерін әлі де Тель-Авивте ұстап отыр.
















