Тегеранда өтетін шәһид Әли Хаменеидің жерлеу рәсіміне Ресей Федерациясынан Дмитрий Медведев бастаған жоғары деңгейлі ресми және діни делегация қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Казем Джалали мәлімдеді.
Елші Казем Джалали ISNA агенттігіне берген сұхбатында: «Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Президент Владимир Путиннің арнайы өкілі ретінде Тегерандағы шәһид аятолла Сейед Әли Хаменеиді жерлеу рәсіміне қатысады», -деді.
Казем Джалалидің айтуы бойынша, делегация құрамы тек саяси тұлғалармен шектелмейді. Рәсімге Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Орыс православие шіркеуінің діни қайраткерлері, Ресейдегі сүннит мүфтилер тобы және осы елдегі бірқатар ғұлама да барады.
Иранның Мәскеудегі елшісі бұл сапардың саяси салмағына тоқталып: «Ресейден мұндай беделді саяси және діни қайраткерлердің, сондай-ақ, түрлі конфессия өкілдерінің келуі шәһид аятолла Сейед Әли Хаменеиді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне деген құрмет қана емес, Иран Ислам Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестіктің қаншалықты терең екенін аңғартады», — деді.
Айта кетейік, АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған шабуылдары кезінде осы елдің рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи және оның жұбайы, келіні, күйеу баласы және немересі қаза тапты.
Шәһид Әли Хаменеимен қоштасу рәсімдері Тегеран, Қом, Мешһед қалаларында және Иракта өтеді. 9 шілде күні Әли Хаменеи туған қаласы Мешһед қаласында Имам Реза кесенесінің аумағында жерленеді.


















