АҚШ-тың Иранға қарсы жуырдағы шабуылдарында 38 адам шәһид болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Иранның Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғаммен байланыс және ақпарат орталығының басшысы Хосейн Керманпур АҚШ-тың соңғы шабуылдарында 38 адам қайтыс болғанын мәлім етті.
Хосейн Керманпур Х әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде былай деп жазды:
«Шілде айындағы қақтығыстарда, бүгін, шілденің 17 күні таңғы сағат 06:30-дағы жағдай бойынша АҚШ шабуылдарынан жараланғандар саны 400-ден асып, 38 азаматымыз қайтыс болды.
Олардың арасында 22 әйел жараланып, 3 әйел қайтыс болған. 18 жасқа толмаған 9 жаралы және 18 жасқа толмаған 1 шәһид бала бар. 47 адам ауруханаға жатқызылды», — деді.
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғаммен байланыс және ақпарат орталығының басшысы: «Денсаулық — соғыстың алғашқы құрбаны», — деді.
Айта кетейік, АҚШ әскери күштері Иран аумағына соққыларды шілде айының басынан бері жасап келеді. Әсіресе шілденің 11-і мен 17-сі аралығында қатарынан 6 түн бойы өте қарқынды әуе шабуылдары ұйымдастырылды.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мен Иран дереккөздерінің хабарлауынша, шабуылдар негізінен Иранның оңтүстігіндегі және басқа да бірқатар провинциядағы әскери бекіністерді, инфрақұрылымдарды, электр желілерін, көпірлерді және басқару орталықтарын нысанаға алған:
Шілденің 15-і мен 16-сы күндері Һузестан провинциясындағы Аһваз қаласы маңына соққылар жасалды. Бұл шабуылдардан қаладағы обыр дертіне шалдыққан балаларды емдейтін «Шаһид Бағаи» ауруханасының маңы зақымданып, ішіндегі 211 науқасты шұғыл түрде басқа емдеу мекемелеріне көшіруге тура келді.
Бандар-Аббас, Қешм және Үлкен Тонб аралдарында жағалауды бақылау жүйелері, әуе қорғанысы кешендері, зымыран мен ұшқышсыз ұшақтар базалары соққыға ұшырады. Сондай-ақ, Бандер-Хамир ауданындағы маңызды 6 көлік көпірі қиратылды.
Бушер, Систан және Белуджистан, Лорестан, Семнан, Орумие сияқты өңірлердегі әскери және энергетикалық нысандарға нұқсан келді.
Бұл қақтығыстар Таяу Шығыстағы, әсіресе Ормұз бұғазы мен Оман шығанағындағы кеме қатынасы, мұнай тасымалы және аймақтағы әскери ықпал үшін күрестің күрт ушығып кетуінен туындады.
Иран Денсаулық сақтау министрлігі өкілі Хосейн Керманпурдың мәлімдемесі дәл осы әуе шабуылдары кезінде зардап шеккен бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлердің жалпы санын көрсетіп отыр.












