Халил әл-Хайяның ХАМАС қозғалысының саяси бюросының жаңа басшысы болып сайлануы – ұйымның қазіргі жағдайы мен алдағы стратегиялық басымдықтарын саралауға мүмкіндік беретін маңызды оқиға.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы «Дін, құқық және саясат» аналитикалық орталығының директоры, қырғызстандық саясаттанушы Кадыр Маликов мәлім етті.
Палестиналық ХАМАС қозғалысы кеше, дүйсенбі күні Халил әл-Хайяның саяси бюроның басшысы болып сайланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Кадыр Маликов: «Ең алдымен, ұйым ішінде дауыс беру өтіп, жаңа басшының сайлануы – ХАМАС- қозғалысының көпжылдық соғысқа, ауқымды шығындарға және жоғары басшылық құрамының едәуір бөлігінен айырылғанына қарамастан, өзінің ұйымдық тұрақтылығын сақтап отырғанын көрсетеді. Бұл қадам қозғалыстың билік сабақтастығын қамтамасыз етуге, стратегиялық шешімдер қабылдауға және саяси-әскери құрылымдарының жұмысын үздіксіз жүргізуге қабілетті екенін айғақтайды.
Яхья Синвар, Мохаммед Дейф және Исмаил Хания сияқты негізгі жетекшілер қаза тапқаннан кейін көптеген сарапшылар ұйым ішінде терең дағдарыс болады деп болжаған еді. Алайда 2024 жылдың соңында уақытша басқару кеңесінің құрылуы, кейін жаңа жетекшінің сайлануы ХАМАС-тың жаңа жағдайға бейімделе алғанын білдірді. Бұл қозғалыстың ішкі басқару тетіктері мен дайын кадрлық резервінің бар екенін аңғартады.
Бұл тұрғыда Халил әл-Хайяның тұлғасы ерекше назар аудартады. Ол ұзақ жылдар бойы қозғалыстың жоғары басшылығы құрамында болып, төрағаның орынбасары қызметін атқарды және Яхья Синвардың ең сенімді серіктерінің бірі саналды. Сарапшылар оны көбіне қатаң саяси бағытты ұстанатын қайраткер ретінде сипаттайды. Сонымен қатар әл-Хайяның саяси келіссөздер жүргізуде де мол тәжірибесі бар. Ол 2025 жылдың қазан айында Қатар, Мысыр және басқа да делдалдардың қатысуымен қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісім бойынша ХАМАС атынан негізгі келіссөз жүргізуші болды.
Бұл жаңа басшылық тұсында ХАМАС өз стратегиясының өзара байланысты екі бағытын қатар жалғастыруы мүмкін екенін көрсетеді. Бір жағынан, қозғалыс келіссөздерге қатысып, Палестина халқының мүддесін қорғау үшін дипломатиялық тетіктерді пайдалануға дайын болуы ықтимал. Екінші жағынан, ұйым қарулы қарсылық тұжырымдамасынан бас тартпай, оны өзінің саяси стратегиясының маңызды элементтерінің бірі ретінде сақтауы мүмкін.
Сондай-ақ оның сыртқы саясаттағы ұстанымы да маңызды. Әл-Хайя Иранмен және қарсыласу өсіне кіретін басқа да күштермен тығыз байланыс орнатуды қолдайтын жетекшілердің бірі ретінде белгілі. Бұл ХАМАС-тың өңірдегі одақтастарымен ынтымақтастыққа негізделген сыртқы саяси курсын сақтайтынын білдіреді. Сонымен қатар соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, қозғалыс өз мақсатына жету үшін саяси әрі дипломатиялық арналарды қатар пайдалануға ұмтылатындықтан, араб мемлекеттерімен және халықаралық делдалдармен де байланысын үзбейді.
Әл-Хайя соғыстың ауыр зардабын бастан кешкен тұлға. Израильдің әскери операциялары салдарынан ол бірнеше жақынынан, соның ішінде балаларынан айырылды. Палестина қоғамының басым бөлігі мұндай жеке трагедияны Ғаза секторындағы халықтың ортақ тағдыры ретінде қабылдайды. Мұның өзі оның қозғалыс ішіндегі саяси беделін асыра түседі.
Әл-Хайяның саяси бюроның басшысы болып сайлануы Палестинадағы қақтығыстың әлі шешімін таппағанын көрсетеді. Бұрын-соңды болмаған әскери қысымға қарамастан, басшылықтың ауысуы ХАМАС-тың жаңа жағдайға бейімделіп, басқару қабілетін сақтай алғанын дәлелдейді. Мұның өзі қозғалыстың Палестина мәселесіндегі негізгі әскери-саяси ойыншылардың бірі болып қала беретінін аңғартады.
Осы тұрғыдан алғанда, бұл сайлауды жай ғана кадрлық ауыс-түйіс емес, ХАМАС-тың институционалдық тұрақтылығы мен стратегиялық бағытының сабақтастығын білдіретін маңызды белгі ретінде қарастырған жөн. Алдағы уақытта қозғалыс саяси-дипломатиялық бағытты дамытуды, келіссөздерге қатысуды және қарсылық тұжырымдамасын сақтауды қатар жүргізе отырып, Палестина қоғамындағы әрі жалпы Таяу Шығыстағы ұстанымын нығайтуға ұмтылатыны анық.
Сонымен қатар, жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні тек ХАМАС-тың ішкі шешімдеріне ғана байланысты емес. Бұған Израиль мен АҚШ-ның саясаты, өңір мемлекеттерінің ұстанымы, халықаралық делдалдардың әрекеті, сондай-ақ Иран, Ливандағы Хезболла қозғалысы, Ғазадағы ХАМАС және Йемендегі хуситтер арасындағы өңірлік шиеленістің жалпы даму динамикасы тікелей әсер етеді.
Сондықтан Халил әл-Хайяның ХАМАС қозғалысының саяси бюросының жаңа басшысы болып сайлануының ұзақ мерзімді салдары туралы әзірге белгілі бір ықтималдық деңгейінде ғана айтуға болады. Дегенмен қазірдің өзінде басшылықтың ауысуы қозғалыстың әлсіремегенін және оның созылмалы қарулы қақтығыс жағдайында да тиімді жұмыс істей алатынын айқын көрсетіп отыр»,-деді.

















