Ресей Украинаның азаматтық кемелерге, әсіресе Қара теңіздегі үшінші елдердің кемелеріне жасаған шабуылдарын халықаралық лаңкестік деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы Александр Моисеев «Звезда» телеарнасының эфирінде мәлім етті.
Александр Моисеевтің айтуынша, Украина күштерінің су айдынындағы азаматтық кеме қатынасына жасаған шабуылдары жүйелі сипат алып, халықаралық лаңкестік актілері ретінде бағаланып, үшінші елдердің кемелеріне қатер төндіріп отыр.
Ресей Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы: «Қарсылас әскери нысандардан азаматтық нысандарға ауысты. Украина армиясы 2025–2026 жылдары шабуылдарын азаматтық кеме қатынасына бағыттады. Бұл аймақта Ресей туы астында жүзетін кемелер жоқ, олардың барлығы үшінші елдердің кемелері. Сондықтан мұны халықаралық лаңкестік деп бағалауға болады. Әрине, Қара теңіз флоты біз үшін соғысып жатқан флот. Ол осы жылдар бойы жүйелі түрде әскери іс-қимылдар жүргізіп келеді», – деді.
Моисеев Қара теңіз флотының құрамына кіретін 636.3 жобасы бойынша жасалған ең жаңа суасты қайықтары да қарсылас аумағындағы нысандарды жоюға қатысып жатқанын баса айтты.
Айта кетейік, 25 шілде күні таңертең Украина Каспий теңізіндегі Иранның сауда кемесіне шабуыл жасады. Осы оқиғадан кейін Украинаның Тегерандағы уақытша сенімді өкілі Иран Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, ведомство басшысының көмекшісі әрі Еуразия департаментінің бас директоры Манучеһр Морадимен кездесті.
Келіссөз барысында дипломатқа аталған дұшпандық әрі қылмыстық әрекетке байланысты қатаң наразылық білдіріліп, Ислам Республикасы өз қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерін батыл қорғайтыны және азаматтарының өмірі мен мүлкіне жасалған кез келген қолсұғушылық жауапсыз қалмайтыны қатаң ескертілді.



















