Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін Вашингтонға аттанды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бүгін, сейсенбі, 28 шілде күні Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі. Бұл Иранмен текетірес басталғалы бері екі ел президенттерінің алғашқы жеке кездесуі және Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралғаннан бергі олардың сегізінші жүздесуі болмақ.
Сапар алдында мәлімдеме жасаған Биньямин Нетаньяху келіссөздің басты тақырыбы Иран туралы болатынын айтып, тараптардың өңірлік қауіпсіздік пен Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған алдағы қадамдарды да талқылайтынын мәлімдеді.
Израиль премьер-министрі: «Біз осындай күрделі кезеңде батыл әрі парасатты әрекет етуіміз керек. Күн тәртібіндегі барлық мәселені, ең алдымен Иран туралы талқылаймыз. Біздің мақсатымыз – Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдегі бейбітшілік аясын кеңейту», – деді.
Келіссөз Вашингтон мен Тель-Авив арасында кейбір мәселелер бойынша пікір қайшылықтары бары байқалған тұста өтеді. Соңғы апталарда Нетаньяхудың өзі де Израиль мен АҚШ-ның өңірге қатысты ұстанымдары барлық жағдайда бірдей емес екенін мойындаған еді.
Сонымен қатар, маусым айында Трамптың Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен кезінде айтқан қатаң сөздері туралы ақпарат алдымен БАҚ-на тарап, кейін оны АҚШ президентінің өзі растаған болатын. Сондай-ақ Трамп сөздерінің бірінде егер өзінің саясаты болмағанда, Израильдің өмір сүруіне қауіп төнуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Сапар қарсаңында Израиль АҚШ президенті ұсынған бейбітшілік бастамасы аясында Ғаза секторына халықаралық қауіпсіздік күштерін кіргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұған дейін, шілденің 21-інде, Израиль билігі АҚШ-ның арағайындығымен қол жеткізілген келісімдерге сәйкес Ливанның оңтүстігінен әскерінің бір бөлігін шығарғанын хабарлаған болатын.
Сарапшылардың пікірінше, Трамппен өтетін кездесу Таяу Шығыстағы ахуалға ғана емес, Нетаньяхудың ішкі саяси жағдайына да тікелей әсер етуі мүмкін. Израиль премьер-министрі 27 қазанға белгіленген парламенттік сайлауға дайындық жүргізіп жатыр. Ал қоғамдық пікір сауалнамалары оның ел ішіндегі рейтингі төмендегенін көрсетуде. Осыған байланысты Вашингтонмен тығыз қарым-қатынаста екенін көрсету оның сайлау алдындағы ұстанымын нығайтуға септігін тигізуі ықтимал.

















