Иран ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген мәдени нысандар саны бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына қосылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұған ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында Аламут қамалының аталған тізімге енгізілуі себеп болды. Осылайша, Аламут Иранның ЮНЕСКО тізіміне енген 30-шы нысаны атанды.
Қазвин провинциясындағы биік тауда орналасқан Аламут қамалы — Иранның көне сәулет өнерінің ең көрнекті ескерткіштерінің бірі. Тік жартастың басына салынған бұл қамал ежелгі парсы инженерлік өнерінің жоғары болғанын көрсетеді. Қамал табиғаттың өзімен бірігіп кеткендей өте ерекше тұрғызылған.
Иранның Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрінің орынбасары Әли Дараби ирандықтарды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне 30-шы нысанның тіркелуімен құттықтап, бұл оқиғаны Иранның тарихи мұрасын сақтау мен халықаралық деңгейде дәріптеудегі маңызды кезең деп атады.
Дарабидің айтуынша, Аламут қамалы елдің ғасырлар бойғы дәстүрлерін, ғылым мен мемлекеттік басқару саласындағы жетістіктерін айқын көрсетеді.
Тарихи деректерге сүйенсек, бұрын бұл қамалдың аумағында 400 мыңға жуық кітап сақталған үлкен кітапхана жұмыс істеген.
Ресми тұлғалардың пікіріне сәйкес, ЮНЕСКО-ның Аламут қамалын Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуі бұл сәулет ескерткішінің халықаралық мәртебесін арттырып, мәдени туризмнің дамуына үлкен серпін береді. Сондай-ақ бұл қадам елдің басты тарихи-мәдени нысандарының бірін болашақ ұрпақ үшін аман сақтап қалуға айтарлықтай ықпал етпек.
Айта кетейік, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы 19 шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында басталып, 29 шілде күні аяқталды.


















