АҚШ сенаторы Крис Мерфи президент Трамптың Иранмен соғыста жеңіліске ұшырағанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Крис Мерфи жалғасып жатқан әскери қимылдар Вашингтонды әлсіретіп, Тегеранның позициясын күшейтіп отырғанын баса айтты.
Мерфи NBC News телеарнасына берген сұхбатында соғысты тоқтатып, Ормұз бұғазын қайта ашу үшін тіпті «тиімсіз келісімге» де келісуге дайын екенін мәлімдеді. Сенатордың айтуы бойынша, стратегиялық маңызы бар бұл су жолын қайта ашудың құны күн санап артып келеді. Ал келіссөздер әлі де тығырыққа тіреліп тұр.
Мерфи: «Соғыс аяқталуы керек. Өйткені ол жалғасқан әр күн сайын Америка әлсіреп, Иран күшейе түседі. Ал мұның салдарынан АҚШ-тағы халық зардап шегіп отыр», -деді.
Сонымен қатар, сенатор соғысты жалғастыруды қаржыландыруға қарсы дауыс беретінін, алайда қақтығыс аяқталғаннан кейін АҚШ-тың оқ-дәрі қорын толықтыруды қолдайтынын айтты.
Айта кетейік, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи жексенбі күні АҚШ пен Иран арасында ешқандай тікелей келіссөздер жүргізілмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Вашингтон Тегеранның талаптарын, атап айтқанда, теңіз қоршауын алып тастау шарттарын орындамайынша, Ормұз бұғазы ашылмайды.
Иран Ормұз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа жаңа талаптар қойып отыр. Иран соғысты тоқтатуды, АҚШ-тың Ислам Республикасына және оның одақтастарына ешқашан қауіп төндірмеуін, Иран порттарының теңіз қоршауын алып тастап, қарулы күштерін бұл өңірден шығаруға тиіс екенін талап етті. Сондай-ақ Вашингтон соғыс салдарынан Иранға келтірілген шығынды толық өтеуге, санкциялар мен бұғатталған активтерге қойылған шектеулерді алып тастауға міндетті.
Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп өткен жексенбі күні жоспарланып отырған келісімге байланысты Иран Ислам Республикасына қарсы кезекті шабуылдар толқынын тоқтататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұғаз жақын арада ашылады. Сонымен қатар Трамп бұғаз ашылмаған жағдайда Иранға қарсы соққыларды қайта бастайтынын тағы да ескертті.


















