Ақтауда Caspian Sea Action Week -2026 халықаралық жобасы аясында Каспий маңы елдерінің Достық аллеясы салтанатты түрде ашылды.
Еуразия Тудейдің Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, жаңа нысан Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символына айналмақ.
Достық аллеясында болашақ ұрпаққа арналған арнайы капсула да орналастырылды. Оның ішіне Каспий өңірі елдерінің ортақ тарихы, мәдени байланыстары және табиғи мұрасы туралы үндеу салынды. Халықаралық апталық барысында азаматтық белсенділікті арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар волонтерлік бастама жүзеге асырылуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Достық аллеясы Каспий маңы елдерінің ортақ құндылықтарын дәріптеп, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға арналған тұрақты символдық орынға айналады. Аталмыш іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген волонтерлер қатысты.
Айта кетейік, Ақтауда экологиялық және волонтерлік бастамаларды біріктіретін Caspian Sea Action Week- 2026 халықаралық іс-шаралар апталығы 6-12 тамыз аралығында ұйымдастырылып жатыр. Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтуде. Апталыққа Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген делегациялар қатысуда. Сондай-ақ шараға БҰҰ Волонтерлері бағдарламасы (UN Volunteers) штаб-пәтерінің өкілдері, Каспий теңізі жөніндегі Тегеран конвенциясы тараптары, халықаралық экологиялық ұйымдар және Қазақстанның барлық өңірінен келген волонтерлер жиналды.
Апталық бағдарламасы халықаралық экологиялық акцияларды, сарапшылар кездесулерін, тақырыптық сессияларды, хакатонды, сондай-ақ мәдени және спорттық іс-шараларды қамтиды. Бастамалар экологиялық волонтерлікті дамытуға және тұрақты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Халықаралық апталық ертең, 12 тамызда өтетін Caspian Talks халықаралық волонтерлер саммитімен қорытындыланады. Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық әріптестікті кеңейтуге, волонтерлік қауымдастықты дамытуға, Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға және өңірдің экологиялық мәселелеріне қоғам назарын аударуға бағытталған.



















