Иран Мәжілісінің төрағасы Қалибаф Иракқа сапарын өңірдегі жаңа жүйені нығайту бағытындағы қадам деп атады.
Еуразия Тудей ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран Мәжілісінің делегациясын Иракқа бастап барған Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақыр Қалибаф Бағдатта тілшілердің алдында сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі Иракқа сапар сыртқы державалардың араласуынсыз, өңірдегі жаңа жүйені нығайту және аймақтағы барлық елдер арасындағы өзара ынтымақтастықты жеделдету мақсатында жүзеге асырылып отыр», — деді. Иран Мәжілісінің төрағасы Иран Ислам Республикасының өңірлік осы үлгіні жүзеге асыруға толық дайын екенін мәлімдеді.
Ол Бағдат әуежайы маңында генерал Сүлейманидің қаза тапқан орнында сөйлеген сөзінде: «Иран мен Ирак халықтары арасындағы терең мәдени және діни ортақтастықтар жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға бірегей мүмкіндік беріп, Бағдатқа сапарды басым бағыттардың қатарына қойды. Осы сапар барысында Ирактың жоғары лауазымды тұлғаларымен, парламент депутаттарымен, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени саладағы көрнекті қайраткерлерімен қарқынды кездесулер өтеді.
Иран мен Ирак халықтарының байланысы тарихи, тамыры тереңде және ажырамас. Екі елдің көршілестігі бауырластыққа, сыртқы араласуларға қарсы тұруға және ортақ тағдырға деген сенімге негізделген. Бұл бай тарих болашақ жолымызға жарық шашады.
Бұл сапарда ішкі қауіпсіздікті нығайту, ортақ ынтымақтастықты дамыту және екі халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында ауқымды қадамдар жасалады. Өйткені біздің айбынымыз бен әлеуетіміз бауырластығымыз бен ынтымағымызда жатыр», — деді.
















