Ирак Сыртқы істер министрлігі Халықаралық коалиция миссиясының аяқталуы достас елдермен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың тоқтатылғанын білдірмейтінін қуаттады.
Еуразия Тудейдің «Әл-Жазираға» агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Ирак Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жариялап: «Бұл елдегі халықаралық коалиция миссиясының ресми түрде аяқталуы Бағдаттың дос елдермен ынтымақтастығының тоқтағанын білдірмейді. Қауіпсіздік саласындағы серіктестік ортақ мүдделер мен ұлттық егемендікті өзара құрметтеу негізінде жалғаса береді», — деді.
Ирак СІМ халықаралық коалиция миссиясының аяқталуы Ирак үшін жаңа кезеңнің бастауы екенін, бұл кезеңде Бағдат өз қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жауапкершілігін өз мойнына алатынын баса айтты.
Мәлімдемеге сәйкес, дос елдермен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде әскерилерді оқыту және әлеуетті арттыру бағыттары жалғасады. Бұл серіктестік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға және терроризммен күрестегі күш-жігерді қолдауға үлес қоспақ.
Ирак Премьер-министрі Әли әз-Зәйди елде жаңа кезеңді бастау және Ирактың басқалардың қақтығыс алаңына айналуын тоқтату қажеттігін баса айтты.
Әз-Зәйди былай деді: «Ирак қақтығыстар алаңынан өзі шешім қабылдайтын, өз жері мен егемендігін қорғайтын Отанға айналатын жаңа дәуірдің басталғанын жариялайық.
Ирак халқы жылдар бойы төзімділік танытып, ауыр құн төледі, елімізде қару саны көбейгені сонша, Ирак бірте-бірте басқалардың айқас алаңына айналды», – деді.
Айта кетейік, Бағдат пен Вашингтон арасындағы 2024 жылы жасалған келісімге сәйкес, АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Ирактағы әскери миссиясы ресми түрде 2026 жылдың 30 қыркүйегінде толығымен аяқталды. Соған сәйкес коалиция әскерлері Ирак аумағынан, соның ішінде Ербилдегі әскери базалардан шығарылды.
Еске салайық, АҚШ-тың Ирактағы әскери қатысуы 2003 жылғы басып кіруден басталды. 2011 жылы негізгі күштер шығарылғаннан кейін, АҚШ бастаған халықаралық коалиция Иракта «Шынайы табандылық» / «Inherent Resolve» операциясы аясында әрекет етті. Бұл миссия 2014 жылы Ирак пен Сирия аумағында «Ислам мемлекеті» (ИД / ИГИЛ) лаңкестік тобына қарсы күресу үшін құрылған болатын. 2026 жылға қарай Иракта шамамен 2500 әскери қызметкер қалған еді.












