Пәкістан Ауғанстанға әуе шабуылдарын қайта бастады.
Пәкістан бүгін таңертең Ауғанстандағы кейбір аймақтарға әуеден соққы жасады. Соққы салдарынан кемінде 9 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған.
Ауғанстан Талибанының баспасөз хатшысы Забихулла Муджахид X (Twitter) әлеуметтік желісінде Пәкістанның бейсенбі күні таңертең жасаған шабуылдарынан Кунар мен Гилменд провинцияларындағы үш үй қирағанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Ауғанстандағы Талибан үкіметі Пәкістанның бейсенбідегі әуе соққыларынан 9 адамның қаза тауып, 11 адамның жараланғанын растады.
Бұл шабуылдар Оңтүстік Азиядағы екі көрші ел арасындағы үш айлық салыстырмалы тыныштықтан кейін қақтығыс қайта шиеленіскен шақта орын алды.
Талибан өкілінің айтуынша, қаза тапқандар арасында әйелдер мен балалар да бар.
Ол бұл шабуылдарды айыптап: «Біз бұл әрекетті барлық қабылданған нормаларды бұзған агрессия мен қылмыс деп санаймыз», — деді.
Бұған жауап ретінде Пәкістан үкіметінің ресми өкілі әуе соққылары нәтижесінде 22 «лаңкес» жойылғанын хабарлады.
Пәкістан армиясы өкілінің айтуынша, соққылар кезінде белгілі бір мөлшерде қару-жарақ пен оқ-дәрі де жойылған.
Reuters агенттігі бұл ақпаратты тәуелсіз көздер арқылы растай алмағанын айтты.
Хабарламаға сәйкес, соңғы жылдары Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қарулы топтардың белсенділігіне қатысты келіспеушілік одан әрі тереңдей түскен.
Исламабад Кабулды Пәкістанға қарсы шекарааралық шабуылдар жасайтын қарулы топтарға пана беріп отыр деп айыптайды.
Талибан үкіметі бұл айыптауларды жоққа шығарып, қарулы топтардың белсенділігі Пәкістанның ішкі мәселесі екенін алға тартады.












