2026 жылғы 5 қазаннан бастап Тәжікстан мен Иран арасында жалпыазаматтық шетелдік паспорт иелеріне арналған толық визасыз режим күшіне енді.
Eurasia Today ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, бұл туралы Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Ақпарат және баспасөз басқармасы басшысының орынбасары Саиджон Шафизода мәлім етті.
Шафизоданың айтуы бойынша, өзара түсіністік туралы меморандумның шарттарына сәйкес, Тәжікстан мен Иранның қолданыстағы жалпыазаматтық шетелдік паспорты бар азаматтары екі ел аумағына визасыз кіруге, транзитпен өтуге немесе 90 күн ішінде 30 күнге дейін уақытша болуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, Шафизода визасыз режим барлық халықаралық шекаралық өткізу пунктеріне, соның ішінде құрлықтағы өткізу бекеттері мен халықаралық әуежайларға бірдей қолданылатынын баса айтты.
Ол сондай-ақ екі елдің ұлттық заңнамасында белгіленген талаптар сақталған жағдайда, азаматтардың бұл мүмкіндікті үшінші мемлекеттерден әуе қатынасы арқылы шекарадан өту кезінде де пайдалана алатынын мәлім етті.
Бұған дейін визасыз режим екі ел арасында тек әуе қатынасына қолданылды.
Тәжікстан мен Иран арасындағы визасыз режим 2024 жылғы 10 тамызда енгізілген болатын. Алғашқы кезеңде бұл жеңілдік тек Душанбе–Тегеран және Тегеран–Душанбе бағытындағы әуе рейстерімен қатынайтын екі ел азаматтарына ғана қолданылды.
Ал шекараны құрлықтағы өткізу бекеттері арқылы кесіп өтетін немесе Тәжікстан мен Иранға үшінші елдер арқылы сапарлайтын азаматтардан виза талап етіліп келді.
Ендігі жерде визасыз режимнің аясы кеңейіп, екі ел азаматтарының, туристердің, кәсіпкерлердің және жақындарына баратын адамдардың қатысуын едәуір жеңілдетпек.
Алайда визасыз режим елде ұзақ мерзімге тұруға немесе еңбек етуге автоматты түрде құқық бермейді. Мұндай мақсаттар үшін Тәжікстан мен Иранның ұлттық заңнамасында көзделген арнайы талаптар қолданылады.
Визасыз режим аясының кеңеюі Душанбе мен Тегеран арасындағы тікелей әуе қатынасының қайта қалпына келтірілуімен тұспа-тұс келіп отыр.
2025 жылдың жазында Тегеран мен Мешһед бағыттары бойынша тұрақты рейстер іске қосылған болатын. Ал 4 шілдеде Мешһед – Душанбе – Мешһед бағытындағы алғашқы рейс орындалды.
Сонымен қатар, 10 шілдеде Иранның Varesh әуе компаниясы Тегеран – Душанбе бағытындағы алғашқы рейсін орындады. Ал 14 шілдеден бастап «Сомон Эйр» авиакомпаниясы Душанбе – Тегеран – Душанбе бағыты бойынша тұрақты рейстерді қайта жандандырды.
Алайда 2026 жылдың басында Таяу Шығыстағы әуе кеңістігін пайдалануға қатысты енгізілген шектеулерге байланысты екі ел арасындағы әуе қатынасы қайта уақытша тоқтатылған еді.
Үш айлық үзілістен кейін, 2026 жылғы 31 мамырда Душанбе мен Тегеран арасындағы тұрақты рейстер қайта қалпына келтірілді.



















