АҚШ пен Израиль Шығыс елдерінің табиғи ресурстары мен байлығын иемденуді көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының жоғары лауазымды өкілі АҚШ пен Израильді Шығыс елдерінің байлығы мен табиғи ресурстарын иемденуге ұмтылып отыр деп айыптады.
Бұл туралы Иран революциясы Сақшылар корпусының Әуе-ғарыш күштері қолбасшысының кеңесшісі, бригада генералы Әли Балали мәлімдеді.
Балали Батыс державаларының ислам өркениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне кедергі жасауға тырысып жатқанын баса айтып: «Өркениет Шығысқа тән, ал олардың өз өркениеті жоқ. АҚШ пен Израиль жаңа ислам өркениетінің қалыптасуына жол бермеуге тырысып отыр», – деді.
Балали көршілес мұсылман елдерін Вашингтон мен оның одақтастарының шынайы мақсатын түсінуге шақырды. Генералдың пікірінше, олар Шығыс пен мұсылман әлемі халықтарының әлеуеті артып, әл-ауқаты жақсарғанын қаламайды. Керісінше, өздерінің экономикалық мүдделерін көздеп, байлықты қалталарына басуға ұмтылады.
Сондай-ақ Балали Батыс державаларының қуаты Америка құрлығының байырғы тұрғындары мен Африка халықтарын жаппай қырып-жою арқылы артқанын атап айтты. Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының жоғары лауазымды өкілі Франция мен Бельгияны тарихи отаршылдыққа мысал ретінде келтіріп, Батыс елдерін бейбітшілік пен әділеттілікті жақтаймыз деп мәлімдегенімен, іс жүзінде ауыр қылмыстар жасады деп айыптады.
Балалаи: «Соған қарамастан, олардың мақтан тұтарлық тарихы да, өркениеті жоқ. Өйткені өркениет Шығыс пен мұсылман әлеміне тән», – деді.
Генералдың пікірінше, Батыс елдері ислам өркениеті қағидаттарына негізделген жаңа әлемдік тәртіптің орнығуына қарсы шыққанымен, бұл үдеріске түптің түбінде тосқауыл бола алмайды.


















