Малайзия премьер-министрі Анвар Ибраһим Палестина халқын қолдап, Израиль армиясының Ғаза секторындағы әрекеттерін қатаң сынға алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Анвар Ибраһим әділдікті қамтамасыз етіп, халықаралық қауымдастықты қос стандарт саясатынан бас тартуға үндеді.
Анвар Ибраһим ресми мәлімдемесінде Ғаза секторындағы жағдайды геноцид деп сипаттап, әлемдік державаларды халықаралық мәселелерге қатысты біркелкі ұстаным танытпағаны үшін айыптады.
Малайзия Үкіметінің басшысы жауапты тұлғаларды халықаралық құқық аясында шұғыл түрде жауапкершілікке тарту қажеттігін атап айтты. Сондай-ақ ол гуманитарлық көмектің Ғаза секторына кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде гуманитарлық дәліз ашуға шақырды.
Куала-Лумпур ұзақ уақыттан бері Израильдің саясатын қатаң сынап келеді. Малайзия халықаралық алаңдарда Палестина халқының құқықтарын қорғап, тәуелсіз Палестина мемлекетін құру бастамасын тұрақты түрде қолдайды.




















