Иран Президенті Масуд Пезешкиан Ресейге жасаған сапары мен Газ экспорттаушы елдер форумының VIII саммитіне қатысуының қорытындысын оң бағалады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Президент Пезешкиан кеше, сейсенбі күні кешке Мәскеуге сапары аяқталған соң, Внуково халықаралық әуежайында IRNA тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
Иран Президентінің айтуынша, тараптар газ және энергетика салаларындағы мәселелерді жан-жақты талқылап, бірқатар маңызды келісімге келген.
Пезешкиан: «Жалпы, саммит өте жақсы өтті. Қатар әмірімен кездесуден бөлек, Ресей Президентімен де мазмұнды әңгіме өткіздік», — деді.
Масуд Пезешкиан сейсенбі күні кешке Кремльде Ресей Президенті Владимир Путинмен өткен келіссөзге тоқталып, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың барлық негізгі бағыттары талқыланғанын айтты.
Оның сөзінше, кездесуде мұнай-газ саласы, көлік дәліздері, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қауіпсіздік мәселелері бойынша мазмұнды келіссөз жүргізілген.
IRNA агенттігінің хабарлауынша, Иран Президенті Газ экспорттаушы елдер форумының VIII саммитіне қатысып, онда сөз сөйлеген. Сондай-ақ ол Ресей Президенті Владимир Путинмен және Қатар әмірімен кездескен.
Газ экспорттаушы елдер форумының 12 тұрақты мүшесіне Иран, Алжир, Боливия, Мысыр, Экваторлық Гвинея, Ливия, Нигерия, Қатар, Ресей, Тринидад және Тобаго, Біріккен Араб Әмірліктері мен Венесуэла кіреді.
Форумға бақылаушы мәртебесімен Ангола, Әзербайжан, Ирак, Малайзия, Мавритания, Мозамбик, Перу және Сенегал қатысады.



















