Иран мен Беларусь энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран мен Беларусь энергетика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Иранның IRNA агенттігінің хабарлауынша, құжатқа Иран Энергетика министрі Аббас Әлиабади мен оның белоруссиялық әріптесі қол қойды.
Келісім энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, жаңартылатын энергия көздерін игеру, электр энергиясын өндіру және тарату жүйелерін жетілдіруді қамтиды. Сондай-ақ тараптар инвестиция тарту, техникалық қолдау көрсету, мамандар алмасу және бірлескен жиындар өткізуге уағдаласты.
Бұған дейін екі ел өнеркәсіп, сауда, көлік және логистика салаларындағы байланыстарды талқылаған болатын. Иранда трактор, автобус, жүк көліктерін бірлесіп өндіру, тау-кен техникасын жеткізу, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек экспортын арттыру мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар тараптар тікелей әуе қатынасын ашуға, виза режимін жеңілдетуге және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін тиімді пайдалануға мүдделі.
Ауыл шаруашылығы да екіжақты күн тәртібіндегі басты бағыттың бірі болып отыр. ЕАЭО кеңесінің отырысы аясында және Тегеранда өткен кездесулерде тараптар калий мен фосфор тыңайтқыштарын жеткізуді, комбайндар мен ауыл шаруашылығы техникасын сатуды, құс еті, сүт өнімдері мен жеміс-жидек саудасын кеңейтуді, бірлескен инвестициялар құйып, технологиялармен алмасуды талқылады.
Иран бұл салада ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызын атап өтіп, жеке сектор өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға шақырды. Сондай-ақ тараптар өзара сауданы жеделдету үшін бірлескен ауыл шаруашылығы комитетін құруға уағдаласты.


















