Нью-Йорк штатынан сайланған АҚШ сенаторы Кирстен Джиллибранд әскери салада қолданылатын жасанды интеллектке адами бақылауды күшейтуге шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Кирстен Джиллибранд нысананы таңдаудағы қателіктер бейбіт тұрғындардың қаза табуына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертіп, Сенаттың қарулы күштер және барлау жөніндегі комитеттері жасанды интеллектпен жабдықталған қару-жарақ жүйелерінің мүмкіндіктері мен оларды адамдардың қалай қадағалайтынын мұқият зерделеуі тиіс екенін баса айтты.
Сенатор Джиллибранд: «Жасанды интеллекттің мән-жайды ажырата алмауы, көзінің болмауы және сүйенетін деректерінің 10 жылға ескіріп кетуі салдарынан ғана орынды деп тапқаны үшін өзге елдегі қыздар мектебіне бомба тасталғанын қаламаймын.
Қазір Ирандағы соғыста зымырандарды бағыттауға жасанды интеллект қолданылды деуге негіз жоқ, алайда мен бұл туралы нақты білуім керек. Мәселе адам өміріне тірелгенде, бізге жалған болжамдардың еш қажеті жоқ», -деді.
Айта кетейік, 28 ақпанда соғыстың алғашқы сағаттарында америкалық зымыран Иранның оңтүстігіндегі қыздар мектебіне түсіп, салдарынан 170-тен астам адам қаза тапқан болатын. Олардың басым бөлігі оқушы қыздар еді.



















