Иран Вице-президенті және Атом энергиясы ұйымының басшыс Мохаммад Исламидің қатысуымен Гилан останында осы елдің солтүстік сәулелендіру орталығы ашылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, бүгін таңертең Иран Вице-президенті және Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Ислами ауыл шаруашылығы саласында ядролық технологияларды қолдануды дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі мен сапасын арттыру мақсатында Гилан останында осы елдің солтүстік сәулелендіру орталығын ашты.
Иранның Атом энергиясы ұйымына қарасты “Радиацияны қолдануды дамыту компаниясы” құрылымындағы «Солтүстік сәулелендіру орталығы» гамма және электромагниттік сәулелендіру жүйелерін пайдаланып құрылған. Орталық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсарту және олардың сақталу мерзімін ұзарту бойынша айтарлықтай қуатқа ие.
Аталған остандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жылдық өндіріс көлемі 3,6 миллион тоннаны құрайтынын, әсіресе күріш, шай және цитрус жемістері саласын ескерсек, Гиланда бұл орталықтың салынуы ерекше маңызға ие және өнім шығынын азайту мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруда тиімді рөл атқара алады.
Сәулелендіру технологиясы микробтық жүктемені азайту, зиянкестерді бақылау және жою, сондай-ақ өнімдердің сақтау мерзімін ұзарту арқылы азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға жағдай жасап, химиялық улы заттарды қолдану қажеттілігін азайтуға көмектеседі.
Сондай-ақ, энергияны аз тұтынатын электромагниттік толқындармен сәулелендіру жүйесі бұршақ тұқымдастар, дәнді дақылдар және тұқымдар сияқты өнімдерді өңдеу үшін қолданылып, өнімдердің сапасы мен физикалық қасиеттеріне кері әсерін тигізбестен микробтық жүктемені азайтып, зиянкестерді жояды.
Зиянкестерден тазарту үдерісінің жоғары жылдамдығы, химиялық улы заттар қалдықтарының болмауы, үдерістің қауіпсіздігі және энергияны түрлендірудің жоғары тиімділігі осы технологияның басты артықшылықтары болып табылады.
Орталықтың өңдеу қуаты бірінші кезеңде жылына 10 мың тоннаны құрайды деп жоспарланған. Болашақта оны жылына 20 мың тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі бар.
«Фарс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Солтүстік Хорасанның Ширван қаласында, одан бұрын Ардебилде де сәулелендіру орталықтары пайдалануға берілген болатын.
Осылайша, Гиланда сәулелендіру орталығының ашылуымен Иранда мамандандырылған сәулелендіру орталықтарының саны 9-ға жетті.
Бұған дейін Атом энергиясы ұйымы басшысының орынбасары Садеқи жаңа сәулелендіру орталықтарын салудағы ұйымның тәсілі өзгергеніне тоқталып, ірі орталықтарды салу шығындарының жоғары болуына байланысты әр аймақтың әлеуетіне назар аудара отырып, шағын көлемді және мамандандырылған 12 жүйе салу туралы шешім қабылданғанын айтқан болатын.














