АҚШ Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Дональд Лу Қырғызстан мен Тәжікстанға ресми сапармен барады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Бішкекте Мемлекеттік хатшының көмекшісі Қырғызстан үкіметінің жоғары лауазымды тұлғаларымен, сондай-ақ экономикалық сектор өкілдерімен және азаматтық қоғам мүшелерімен кездеседі. Кездесудің негізгі тақырыптары АҚШ-тың Қырғызстан экономикасын қолдауы, әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, адам құқықтары мен баспасөз бостандығы болмақ.
АҚШ Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Қырғызстаннан кейін Тәжікстанға барады.
Дональд Лу Душанбеге сапары барысында АҚШ-Тәжікстан серіктестігін тереңдетуге және жалпы мәселелер мен мақсаттарды, соның ішінде қауіпсіздік саласындағы мәселелерді талқылауға баса назар аудара отырып, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлермен кездеседі.
Сонымен қатар АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі сапар барысында Тәжікстанның баспасөз және азаматтық қоғам өкілдерімен кездеседі.



















