АҚШ президенті Джо Байден 23 ақпан күні Вашингтон Ресейге қарсы 500-ден астам жаңа санкция салатынын мәлімдеп, осы елге қарсы қысымды арттырды.
АҚШ жаңа санкцияларын Ресей Украинаға әскери шабуыл жасағаннан екі жыл уақыт өтуі және ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың түрмеде қаза болуымен байланыстырды.
Байден Америка Құрама Штаттары Ресейге қолдау көрсеткен 100-ге жуық ұйымға жаңа экспорттық шектеулер енгізетінін, сондай-ақ Ресейдің энергия сатудан түсетін кірісін одан әрі азайту үшін шара қолданатынын мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің ресми сайтында тізім жарияланды.
Бұл жолы басты соққы Ресейдің тау-кен және металлургия секторына, әсіресе көмір өндірісіне жасалды, сонымен қатар бірқатар ірі ресейлік мұнай-газ компанияларына да санкция салынды.
CNN арнасының хабарлауынша, Американың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан жаңа санкциялардың Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі мен елдің экономикалық кіріс көздеріне қатысты кең ауқымды факторларын да қамтитынын айтты.



















