Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің қазасы Тегеранның геосаяси мұрасын қайта бағалауға жол ашты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің дүниеден өтуі миллиондаған ирандықтар үшін қайғылы оқиға ғана емес, сонымен бірге саясаткерлерді, сарапшылар мен Тегеранның одақтастарын оның тұлғалық ауқымы мен қалдырған мұрасын қайта бағалаудағы тарихи сәт болды.
Әли Хаменеи — біреу үшін сыртқы қысымға төтеп берудің символы болса, енді біреу үшін Иранды халықаралық оқшауланудан құтқарып, Еуразиядағы негізгі күшке айналдыра білген тәуелсіз сыртқы саясаттың негізін қалаушы.
Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи артынан қандай мұра қалдырды?
Ол Иранның Орталық Азия өңірімен, соның ішінде Тәжікстанмен геосаяси байланыстарын нығайтуда қандай рөл атқарды?
Оның саяси ықпалы неліктен ол өмірден өткеннен кейін де Иран шекарасынан тыс аймақтарда ұзақ уақыт бойы сақталмақ?
Аталған мәселелер төңірегінде тәжік саясаттанушысы Мұхаммад Шамсиддинов пікір білдірді.
Сарапшы Шамсиддинов: «Ең алдымен, бауырлас халыққа Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің қазасына байланысты тағы да қайғырып көңіл айтамын.
Хаменеидің қазасы бүкіл Иран үшін орасан зор шығын. Әли Хаменеи — терең білім мен асқан батылдықты бойына сіңірген қазіргі заманның ең көрнекті мемлекеттік қайраткерлерінің бірі.
Соңғы күндері жаудың шабуылдары үдеген сәтте де ол бой тасалаған жоқ, өз өмірі үшін қауіптенбеді. Халық алдында ашық жүріп, қауіпке тік қарау арқылы өзінің батыл мінезін ашық көрсетті. Осылайша, ол Иран халқына тән қайсарлық пен ерліктің шынайы бейнесіне айналды.
Әли Хаменеи парасатты әрі білімді жан болатын. Оның әлемдік әдебиет пен философияны терең білуі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Бұл қасиеттер кең ауқымда ойлануға және саясаткерлер үшін өте маңызды жоғары интуицияны ұштауға көмектеседі.
Иранның соңғы бір жылдағы екі қақтығыста да өз мүддесін қорғап, позициясын сақтап қала алуы да негізінен осы стратегиялық интуицияға байланысты еді. Осы жоғары интуицияның тағы бір айқын дәлелі — Хаменеидің екі соғыс кезінде Иранның қауіпсіздік мәселелерін Әли Лариджаниге сеніп тапсыруы. Лариджани де әлемдік әдебиетті жетік білетін, философия докторы еді. Иран халқына тән терең білім мен шексіз батылдықтың осындай ерекше әрі үйлесімді үлгісі олардың ұлттық болмысын бірегей етеді. Ал Хаменеи — осы бірегейліктің басты символы.
Ирандық болмысты бейнелейтін Әли Хаменеидің тағы бір басты қасиеті – қайсарлығы мен бағынбаушылығы. Ол өз билігі кезінде империализмге қарсы аяусыз күрес жүргізіп, бұл жолда жанын пида етуден де тайынбады. Оның тұсында Иран өзінің тәуелсіздігі мен егемендігіне қол сұққан ешбір жаудың алдында бас иген жоқ. Хаменеи әрқашан осы күрес жолында шәһид болуды мұрат тұтты. Оның қазасы Иран үшін үлкен қайғы болғанымен, оның өмірлік жолы дәл осындай күрескерлік рухта табандылықпен өткені анық. Студенттік жылдарымда Иранның көрнекті дипломаттарының бірі жазған мақаланы оқығаным есімде. Онда Ислам Республикасының қырғи-қабақ соғысынан кейінгі әлемдік тәртіптегі іс-әрекеті сипатталған еді.
Автор Иранды сол тұста қалыптасқан жаңа халықаралық жүйені қабылдамай, оған ашық түрде қарсы шыққан жалғыз ел деп атаған болатын. Бұл жағдай белгілі бір уақытқа дейін, дәлірек айтсақ, 2013-2014 жылдарға дейін жалғасты.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін бір ғана держава мен бір ғана идеология үстемдік еткен бірполярлы әлемдік тәртіп орнады.
Мұндай жаңа шындықты халықаралық аренадағы барлық ойыншылар, тіпті Ресей мен Қытай да қабылдады. Олар Тегеран секілді қалыптасқан әлемдік тәртіпке ашық қарсы шығуға бірден тәуекел ете алмады.
Қатаң халықаралық қысымға қарамастан, Иран өзінің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіретін ымыраға барған жоқ. Тегеран халықаралық оқшауланудан шығу үшін сыртқы саясаттың жаңа бағыттары мен векторларын іздестіре бастады.
Осылайша, Иранның «Шығысқа көзқарас» тұжырымдамасына негізделген еуразиялық дипломатиясы қалыптасты. Бұл стратегия өз жемісін берді. Иран ШЫҰ мен БРИКС сияқты ірі ұйымдардың толық құқылы мүшесі атанып, Ресей, Қытай және Еуразия құрлығындағы басқа да мемлекеттермен тығыз стратегиялық әріптестік орнатты. Сонымен қатар, Тегеран Орталық Азия өңірінде де белсенділігін арттырды. Тәжікстанмен қарым-қатынасқа келетін болсақ, соңғы отыз жылдан астам уақытта бұл байланыстардың өрлеу мен құлдырау кезеңдерін бастан өткергені жасырын емес.
Алайда ортақ мәдениет пен тарихқа негізделген берік іргетас екі ел арасындағы терең әрі бауырластық байланыстарды ұзақ уақытқа үзіп тастауға жол бермеді. 2010-жылдардағы қысқа мерзімді дағдарыстан кейін, 2020-жылдардың басында екіжақты қарым-қатынас қайта жанданып, жылдам қалпына келді. Мысалы, 2020 жылы Иран мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы небәрі 58 млн долларды құраса, бес жылдан кейін, яғни 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,5 есе өсіп, 484 млн долларға жетті.
Осылайша, Иран қысқа мерзім ішінде Тәжікстанның үздік сауда серіктесінің қатарына енді. Бұл — екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін айғақтайтын үлкен жетістік. Бүгінде бұл қарым-қатынас өте жоғары деңгейге көтерілді. Соңғы бір жылда Иран екі рет сыртқы шабуылға ұшыраған сәтте, Тәжікстан Иран халқымен шынайы ынтымақтастығын ашық білдірген әлемдегі санаулы мемлекеттердің біріне айналды.
Сонымен қатар, Тәжікстан Президенті Орталық Азия басшыларының ішінде бірінші, ал әлемдік деңгейде алғашқылардың бірі болып Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің қазасына байланысты көңіл айтты.
Хаменеи қаза тапқаннан кейінгі алғашқы сағаттарда, тіпті күндерде көптеген мемлекет басшылары қандай да бір геосаяси салдардан қауіптеніп, ұстамдылық танытқанын атап өткен жөн. Ал Душанбе өз ұстанымын бірден және нақты білдірді. Бұл екіжақты қарым-қатынастың әлеуеті зор екенін тағы бір мәрте дәлелдейді әрі алдағы уақытта да серпінді дами беретініне кепіл болады. Мен тіпті Иран төңірегіндегі екі әскери қақтығыс кезіндегі Тәжікстанның ұстанымы алдағы онжылдықтарға арналған берік іргетас қалады деп айтар едім. Сондықтан екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуда Әли Хаменеидің рөлі шешуші болды»,-деді.
Автор: тәжік саясаттанушысы Мұхаммад Шамсиддинов


















