Әзірбайжан Орталық Азия елдері үшін Шығыс-Батыс бағыты бойынша сенімді транзиттік ел болып табылады.
Еуразия Тудейдің Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлауы бойынша бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының Азиятану бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен айтты.
Әзірбайжан Президенті Илһам Aлиевтің елімізге ресми сапармен келуіне орай ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының Азиятану бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен Әзірбайжанның Орталық Азия елдері үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.
Сарапшы Орталық Азия мен Әзірбайжанды ғасырлар бойы қалыптасқан қарым-қатынас байланыстыратынын атап өтті.
Бауыржан Әукеннің айтуынша, мәдени мұра мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мен кеңейтудің берік негізі болып табылады.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан мен Әзірбайжан өзара егемендік пен аумақтық тұтастықты қолдай отырып, екіжақты және көпжақты форматта өзара іс-қимыл жасап келеді. Жоғары деңгейдегі өзара сапарлар қос ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа векторын ашады.
Сарапшы сөзінде: «Қазақстан мен Әзірбайжан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың геосаяси өзара байланысында стратегиялық маңызға ие. Бұл екі елдің дамып келе жатқан экономикасы, демографиясы және көліктік әлеуетіне байланысты. Ынтымақтастықтың маңызды факторларының бірі ретінде өзара сауда мен инвестициялардың өсуін мысалға келтіруге болады. Өткен жылы тауар айналымы тарихи жоғары деңгейге жетті», — деді.
Транскаспий халықаралық көлік бағытының екі ел үшін де маңыздылығына тоқталған сарапшы: «Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыру бойынша бірлескен жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Көлік-логистика саласы екіжақты қарым-қатынаста шешуші орын алады. Әзірбайжан Орталық Азия елдері үшін Шығыс-Батыс бағыты бойынша сенімді транзиттік ел болып табылады.
Азия мен Еуропа арасында цифрлық телекоммуникация дәлізін құруды көздейтін «Цифрлық Жібек жолы» жобасы маңызды жоба болып табылады. Бұл жоба аясында өңірде цифрландыру мен байланыс қызметтерін дамытуға маңызды үлес қосатын Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарлануда»,-деді.
Сарапшы Қазақтан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынасты осы екі жоба байланыстыратынын және бұл жобаларда екі ел Орталық Азия мен Кавказды Каспий теңізі арқылы байланыстыра отырып, шешуші рөл атқаратынын баса айтты.
Сарапшы Әзірбайжандағы COP29-да Қазақстанның қолдауына ерекше назар аудару қажеттігін атады. Ол сөзін: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы маңызды іс-шараға өз қолдауын білдіріп, Әзірбайжан басшысына конференцияны өткізуге байланысты құттықтау жолдап, іс-шараға өзі және Қазақстаннан кең құрамда делегаттары қатысатынын жеткізуі екі ел арасындағы достық және жаһандық экологиялық бастамаларға деген адалдықты, сондай-ақ, қоршаған ортаның өзекті мәселелерін шешуге дайын екендігін көрсетеді», — деп қорытындылады.
Айта кетейік, Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиев тамыздың 9 күні Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін елімізге ресми сапармен келеді деп күтілуде.



















