Альфред де Зайас Иранмен арадағы соңғы келіссөздің сәтсіздікке ұшырауына Американы айыптап, халықаралық қауымдастықты Вашингтонның саясатына қатысты неғұрлым қатаң ұстаным танытуға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының демократиялық және халықаралық тәртіпті ілгерілету жөніндегі бұрынғы тәуелсіз сарапшысы Альфред де Зайас X әлеуметтік желісіндегі жазбасында Америка Құрама Штаттарының Исламабадтағы келіссөздер кезіндегі іс-әрекетін қатаң сынға алды.
Альфред де Зайастың айтуы бойынша, Вашингтон адал әрі ашық келіссөз жүргізуге ниетті емес.
Сарапшы Пәкістандағы келіссөздердің үзілуіне Америка Құрама Штаттары саясатына тән мінез-өзара ымыраға келудің орнына, тек біржақты талап қою себеп болғанын баса айтты. Зайастың пікірінше, Вашингтон «quid pro quo» қағидасына қызығушылық танытпайды, тек бұйрық бергенді ғана біледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы сарапшысы халықаралық қауымдастықты, соның ішінде Парсы шығанағы елдерін Америка Құрама Штаттары мен Израильді қазіргі қақтығыстағы негізгі агрессорлар ретінде тануға шақырды. Ол аймақ елдері Иранға жасалған себепсіз шабуылдың зардабын тартып отырғанын айтты.
Альфред де Зайас Америка Құрама Штаттары мен Израильдің өз міндеттемелерін орындауына күмәнмен қарайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл екі ел келісімдерді сақтамауымен немесе оларды өз пайдасына қарай біржақты түсіндіруімен танымал. Бұл халықаралық деңгейдегі сенімге нұқсан келтіреді.
Сонымен қатар, Зайас Америка Құрама Штаттарының ішкі саясатына қатысты мәлімдеме жасап, АҚШ президентін қызметінен шеттету бойынша конституциялық шара қолдануға шақырып, Вашингтонды «Израильдің мүддесін өз мүддесінен жоғары қояды. Бұл орасан зор адам шығыны мен қаржы шығындарына әкеліп соқтырады» деп айыптады.
Альфред де Зайас бұл мәлімдемені Иран мен Америка Құрама Штаттары ресми өкілдерінің Исламабадтағы келіссөзі нәтижесіз аяқталғаннан кейін жасады.













