2023 жылғы 3 маусым мен 12 маусым аралығында Алматы қаласында шахматтан Ашық чемпионат (Open) пен әйелдер чемпионатын қамтитын Азия құрлықтық шахмат чемпионаты өтеді. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады, деп жазады ақпарат тілшісі.
Азия құрлықтық шахмат чемпионатына қатысушыларды тіркеу 25 мамырда аяқталды. Интеллектуалды сайысқа Қазақстан, Қытай, Үндістан, Иран, Филиппин, Шри-Ланка, БАӘ және Сингапур сынды 20-ға жуық ел шахматшылары қатысатыны белгілі болды.
Олардың арасында 2009 жылғы Шахматтан 16 жасқа дейінгі Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының (U-16) жеңімпазы, 2016 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Панаяппан Сетхураман, үнді гроссмейстері Виджай Пранав, Өзбекстан құрамасынан Ерлер шахмат олимпиадасының жеңімпазы Шамсиддин Вохидов; Шахматтан 2004-2005 жж. әлем чемпионы Рустам Касымджанов, Шахматтан Азияның екі дүркін чемпионы Сюй Цзюнь бар.
Қазақстандық спортшылардан белгілі гроссмейстер Мұртас Қажғалеев, сондай-ақ өткен жылы 12 жасында ФИДЕ шебері атағын жеңіп алған Сауат Нұрғалиев, Қазақстан Кубогының 1-кезеңінде (2023) жеңіске жетіп; сенсация жасаған 15 жастағы Алдияр Аңсат және т.б. қатысады.
Ал, әйелдер арасынан Үндістандық гроссмейстер Палатхур Нандхидхаа; Шахматтан әйелдер арасындағы «Moscow Open» халықаралық турнирінің бірінші орын иегері, моңғолиялық Батхуягийн Монгонтуул; әйелдер арасындағы гроссмейстер, Индонезияның бірінші шахматшысы Ирине Харисма Сукандар; биыл Астанада төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньды жеңген 17 жасар Меруерт Камалиденова және т.б. қатысады.
«Үздік алты ойыншы: Ашық чемпионаттың төрт жеңімпазы және әйелдер арасындағы чемпионаттың екі жеңімпазы 29 шілде мен 26 тамыз аралығында Бакуде өтетін 2023 жылғы әлем кубогына қатысу құқығына ие болады. Әлем кубогының финалистері үміткерлер турниріне шығады, оның жеңімпазы шахмат әлеміндегі ең жоғары атақ — шахматтан әлем чемпионы атағы үшін күреседі», делінген хабарламада.
Шахматтан Азия құрлықтық чемпионаты швейцариялық жүйе бойынша ФИДЕ регламентіне сәйкес 9 турдан тұрады.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 23-30 сәуір аралығы Астанадағы Ұлттық теннис орталығында шахматтан Kazakhstan Chess Cup ашық турнирі өтті. Астанада бір айға жуық уақытқа созылған үлкен дода Қытай гроссмейстері Дин Лижэннің жеңісімен аяқталды.



















