Алматы қаласында лаңкестікті насихаттады деген күдікпен екі шетелдік ұсталды.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Еуразия Тудей агенттігі.
«28 мамыр күні прокуратураның үйлестіру және полицияның көмегімен Алматы қаласында лаңкестікті насихаттады деген күдікпен екі шетелдік азамат ұсталды»,- делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Тергеу мәліметтерінің дерегінше, үгіт-насихат жүргізгендер бұрын шетелде көп уақыт тұрған және сол жақта радикалды діни идеологиямен айналысқан. Олар Қазақстанға биыл келген және бұл жақта тұрақты жұмыс жасамаған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.



















