Ресей Қорғаныс министрі Андрей Белоусов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Алматыға келді.
Еуразия Тудейдің ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазақстан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматыға ресми сапармен келген ресейлік әріптесімен кездесті.
Кездесу барысында Руслан Жақсылықов Андрей Белоусовты Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Кездесуде тараптар екіжақты әскери ынтымақтастықтың маңызды аспектілерін талқылады. Сонымен қатар екі елдің Қорғаныс министрлері өңірлік қауіпсіздік үшін мемлекетаралық бірлестіктердегі ынтымақтастық ықпалын тілге тиек етті.
Руслан Жақсылықов әңгіме барысында Андрей Белоусовты биылғы жылдың шілде айында Қазақстанның батысында «Бірлестік» оқу-жаттығуы өтетінін айтты. Руслан Жақсылықовтың айтуы бойынша, бірлескен іс-қимылдардың жоспарына сәйкес Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері қарулы қақтығыстарды оқшаулауға және заңсыз құралымдарға қарсы іс-қимылға байланысты оқу-жауынгерлік міндеттерді бірлесіп пысықтайды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көпжоспарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
Ресей Президенті Владимир Путин бесінші мәрте Ресей Федерациясының президенті қызметіне кіріскеннен кейін 12 мамырда Сергей Шойгуды Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Ал Сергей Шойгудың орнына Қорғаныс министрі болып Андрей Белоусов тағайындалды.
Айта кетейік, Алматы қаласында 30 мамыр мен 6 маусым аралығында бірқатар іс-шаралар өтеді. Оның ішінде: ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысы және ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысы.
2024 жылы Қазақстан ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға төрағалық етеді.



















