«Ансаролла» қозғалысы Тель-Авив аумағындағы бірнеше нысанаға шабуыл жасап, Израильге тиесілі кез келген кеменің Қызыл теңіз сулары арқылы өтуіне тыйым салды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Йемен Қарулы күштерінің өкілі Яхья Сари мәлімдеді.
Яхья Сари кеше, дүйсенбі күні мәлімдеме жасап, Йемен Қарулы күштерінің Яффо (Тель-Авив) аумағындағы Израильдің маңызды нысандарына зымырандармен шабуыл жасалғанын баса айтты.
Ресми мәлімдемеде бұл шабуылдардың белгіленген нысаналарға дәл тигені айтылған.
Сонымен қатар, Йемен Қарулы Күштерінің өкілі: «Біз Израиль кемелерінің Қызыл теңізде жүзуіне тыйым салынатынын жариялаймыз. Осы мәлімдеме жарияланған сәттен бастап жаудың кез келген қозғалысын Қарулы күштеріміз үшін заңды әскери нысана деп есептейміз.
Біз кез келген шиеленіске дәл сондай шиеленіспен жауап беретінімізді баса айтамыз.
Біз халқымызға, сондай-ақ Палестина, Газа, Иран, Ливан және Ирактағы жиһад пен Қарсыласу өсінің халықтарына таңылған әділетсіз қоршауға қарсы үнсіз отыра алмаймыз»,-деді.
Бұған дейін «Ансаролла» қозғалысы егер Парсы шығанағындағы елдердің бірі Иранға қарсы соғысқа кірісетін болса, Баб-эль-Мандеб бұғазын бұғаттап тастайтынын айтқан болатын.
Айта кетейік, жексенбі күні кешке аймақтағы жағдай ушыға түсті. Израиль атысты тоқтату режимін бұзып, Ливанның оңтүстігіне шабуыл жасады.
Бұған Иран қатаң реакция білдіріп, Израиль басып алған Палестина аумақтарына шабуыл жасады.



















