Атом қуаты халықаралық агенттігінің (АҚХА) бас директоры Рафаэль Гросси сәуір айының соңына дейін Иранға барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Рафаэль Гросси ТАСС агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
АҚХА бас директоры: “Біз алдағы апталарда баратын сапар күнін қарастырып жатырмыз”, — деді.
Гросси АҚШ Президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемесі келісімге келу қажеттілігін ғана дәлелдейтінін айтып: “Бізге жақсы, күшті келісім керек. Менің барлық күш-жігерім осы бағытқа негізделген. Сол себепті мен Тегеранға қайта барамын”, — деді.
Мұның алдында Иран Сыртқы істер министрлігі СІМ басшысы Аббас Арақчидің АҚХА бас директорымен телефон арқылы сөйлесіп, Гроссидің Тегеранға сапары туралы келісімге келгенін хабарлады. Министрліктің мәлімдеуінше, Арақчи АҚШ-тың Иранға қарсы жуырдағы қоқан-лоққыларын ескере отырып, Тегеранның бейбіт ядролық бағдарламасын табанды түрде қорғау ниетін көрсетті.
Ядролық қару төңірегіндегі дағдарысты еңсеру мақсатында 2015 жылы “Ортақ қадам” жан-жақты ядролық бағдарламасына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі, Иран және Германия қол қойды.
2018 жылы Дональд Трамп өзінің бірінші президенттік мерзімінде келісімнен шығып, Иранға қарсы барлық санкцияны қалпына келтірді. Бұған жауап ретінде Иран Парламенті 2020 жылы “Санкцияларды жою және Иран халқының мүдделерін қорғау бойынша стратегиялық іс-қимыл туралы” заң қабылдады.
Соған сәйкес, ядролық келісім бойынша бірқатар міндеттемені қысқартты. Соның ішінде Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттігі мен Ислам Республикасы арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шарт келісімі шегінен шығатын қатаң бақылау шараларына тыйым салып, АҚХА-ның тексерулерін тоқтатты.

















