Ядролық келісім бойынша жанама келіссөздердің жалғасып жатқанына қарамастан Вашингтон Иранға қарсы санкцияны күшейтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтында жазылған.
Мемлекеттік департаменттің ақпаратына сәйкес, санкциялар Иранның Қорғаныс инновациялары мен зерттеулер ұйымы және ядролық жарылғыш жасауда қолданылатын зерттеулер, сынақтар мен жобаларды жүргізетін SPND зерттеу тобының басшысы Мохаммад Реза Седдиқи Саберге, SPND жоғары лауазымды тұлғасы және бұрын 2004 жылға дейін “Amad” қаруландыру бағдарламасына қатысқан ғалым Ахмад Хақиқат Талабқа және ядролық тақырыпта зерттеулер жүргізген Shahid Chamran SPND тобының басшысы болып тағайындалған SPND қызметкері Мохаммед Реза Меһдипурға салынды.
Сонымен қатар жаңа санкция Иранның Қорғаныс инновациялары мен зерттеулер ұйымымен байланысы бар Fuya Pars Prospective Technologists ұйымына салынды.
Осы уақытқа дейін АҚШ пен Иран Оманның арағайындығымен келіссөздердің төрт кезеңін өткізді. Тараптар 12 сәуір күні жанама келіссөздерді бастады. Келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуірде Италия астанасы Римде, үшінші кезеңі 26 сәуір күні Оманда өтті.
Келіссөздердің төртінші кезеңі мамырдың үші күні Римде өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, логистикалық және техникалық себептерге байланысты кейінге қалдырылған келіссөздердің төртінші кезеңі кеше, 11 мамырда Оманда өтті.

















