Пәкістан астанасы Исламабадта 10 сәуірде өтетін келіссөзде Иранның позициясы алдыңғы келіссөздермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Middle East Spector агенттігі “Иранмен екі апталық атысты тоқтату АҚШ пен Израильге қайта қалпына келуге мүмкіндік бере ме?” атты сараптама материалында жазды.
Біріншіден, Израиль мен Парсы шығанағы елдеріндегі зымыранға қарсы жүйелердің қоры өте аз. АҚШ бұл қорларды толтыруды қалаған күннің өзінде олардың өндірістік қуаты шектеулі. Сондықтан басқа аймақтардағы, әсіресе Азия, Еуропа, Солтүстік Америкадағы өз қорларын тасымалдауға мәжбүр болады. Осындай жағдайда Израиль басымдыққа ие болады. Ал Шығанақ елдеріне қиындықтан өз бетінше шығуға тура келеді. Тіпті, шаралар жүзеге асқан күннің өзінде қолдағы қорларының аздығы сондай, өндіріс көлемін шұғыл арттыру қажет болады. Ал бұл қысқа және орта мерзімді перспективада іс жүзінде мүмкін емес әрі өте шығынды жұмыс.
Жоғарыда айтылғандай, Америка Құрама Штаттары Израильдің қорларын қайта толтыруды қаласа, мұны соғыс жүріп жатқан кезде де істей алады, логистика бұл жерде маңызды мәселе емес. Атысты тоқтату келісімі бұл тұрғыда ештеңені өзгертпейді. Израильдегі әскери-әуе базалары қазіргі уақытта толық жұмыс істеп тұр. АҚШ-тың жүк ұшақтары Иран тарапынан жасалған жойқын шабуылдар кезінде де тоқтаусыз қатынап жатты. Сондықтан, «бітім Израильге қайта қарулануға көмектеседі» деген уәж негізсіз.
Іс жүзінде, уақытша бітім кезінде, егер жағдай дұрыс басқарылса, Иран әскери артықшылыққа ие болады. Соғыстағы екі апталық үзіліс Иранға өзінің баллистикалық зымыран базаларының кіреберістерін тазартуға және олардың бірқатарын, соның ішінде елдің батыс аймақтарындағы базаларды қайта іске қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарды жасырын түрде алысқа көшіруге және таратып орналастыруға жағдай жасайды. Мысалы, қоймалардағы дрондарды таулар мен аңғарлар арасындағы орталықсыздандырылған ұшыру дәліздеріне көбірек таратуға болады. Оларды анықтау іс жүзінде мүмкін емес және бұл бірнеше ай бойы тұрақты операция жүргізуге мүмкіндік береді.
Қақтығыстар тоқтатылып, келіссөз жүргізілген кезде Иранның позициясы алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай нығая түседі. Әскери араласу қаупі — бұрын ойнатылып қойған карта. Америка Құрама Штаттарының жағдайға ықпал ету тетіктері соғысқа дейінгі уақытпен салыстырғанда әлдеқайда азайды, өйткені әскери интервенция жасап көріп, өз мақсаттарына жете алмады. Екінші жағынан, Иран әлемдік мұнай жеткізілімін тұралатып тастайтынын көрсетті. Бұл келіссөздерде қолдануға болатын өте қуатты карта.
Ұрыстағы екі апталық үзіліс иран қолбасшылары мен шешім қабылдаушыларына бағдарламалары мен жоспарларын қайта құруға және түзетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, егер қауіпсіздік барынша сақталса, жаңа көшбасшының теледидарға алғаш рет шығуына мүмкіндік қалыптасады. Бұл көшбасшы сабақтастығын заңдастырып, ішкі сенімді көрсетеді.
Осы екі апта ішінде президент Трампқа Иранмен шиеленістің ушығуына жол бермеу үшін ішкі қысым артып, дипломатиялық шешімге деген қысым айтарлықтай жоғарылайды.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырып, атысты тоқтату Иранға тек елдің басшылары келіссөздерге жаудың алдамшы жоспарлары мен сатқындық мүмкіндігін толық біле отырып кіріскен жағдайда ғана пайда әкелуі мүмкін. Олар америкалықтарға толық сенімсіздік танытуы керек. Бұған алдыңғы екі келіссөзде де Иранға шабуыл жасалғанын ескерсек жеткілікті. Жоғары лауазымды қолбасшылардың ешқандай жиындары өткізілмеуі керек. Көшбасшылар арлы-берлі қатынаудан және қастандыққ нысанасына айналудан сақ болып, аңқаулық танытпауы керек.
Сарапшылардың пікірінше, егер Иран бұл уақытты стратегиялық маневрлер мен техникалық жөндеу жұмыстарына тиімді пайдаланса, бітім олардың жеңісіне айналуы мүмкін.
















