АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірес қайта күшейіп, маусым айында жасалған уақытша келісім тоқтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, қақтығыстың негізгі себептерінің бірі – Ормұз бұғазын бақылау мәселесі.
АҚШ Иран аумағындағы бірқатар нысандарға әуе шабуылдарын жасауда. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, шабуылдар басқару орталықтарына, әуе қорғанысы жүйелеріне, зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарына бағытталған. Шабуылдар Бендер-Аббас пен Үлкен Томб аралын қоса алғанда бірнеше аймақта жасалған.
Вашингтон өткен сәрсенбі күні бір күн ішінде екі ірі әуе шабуылын жүзеге асырды. Бұл маусымдағы меморандумға қол қойылғаннан кейінгі алғашқы осындай шабуыл болды.
Иран Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шабуылдардан 38 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланған. Иран Вашингтонның шабуылдарына жауап ретінде Иордания, Кувейт және Бахрейндегі АҚШ әскери нысандарына шабуылдар жасауда.
Иран армиясы Иорданиядағы Әл-Азрак әуе базасында орналасқан АҚШ-тың байланыс жүйелері мен жанармай қоймаларын баллистикалық зымырандармен атқылағанын мәлімдеді.
Кувейт билігі ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандарды қоса алғанда, 25 әуе нысанының жолы кесілгенін хабарлады. Иордания Қарулы күштері Иранның сегіз зымыранын атып түсіргенін мәлімдесе, Бахрейн тарапы да әуе шабуылдарының бетін сәтті қайтарғанын хабарлады.
Қақтығыстың басты түйіні – Ормұз бұғазының мәртебесі. Меморандумда Иранның бұғаздағы халықаралық теңіз қатынасына бақылау жүргізетіні көрсетілген. Тегеранмен келісілмеген бағытпен жүрген сауда кемелерге жасалған шабуылдардан кейін Иран бұғазды жабатынын мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде АҚШ Иран порттарына теңіз қоршауын қайта енгізді. Тараптар бір-бірін Исламабад өзара түсіністік меморандум талаптарын орындамады деп айыптап отыр. Иран АҚШ келісімді бұзды деп мәлімдесе, Вашингтон Тегеранды халықаралық кеме қатынасына қауіп төндірді деп айыптауда.
Тегеранның мәлімдеуінше, АҚШ келісім жасалғаннан кейінгі 25 күн ішінде меморандумның барлық дерлік бабын бұзған.
Парсы шығанағы мемлекеттері соңғы онжылдықта заманауи әуе қорғанысы жүйелерін дамытуға басымдық берді.
Сауд Арабиясында THAAD және Patriot PAC-3 жүйелеріне негізделген өңірдегі ең ірі әуе қорғанысы желісі бар. Біріккен Араб Әмірліктері THAAD пен Patriot жүйелерімен қатар Израильдің Barak платформасын пайдаланады. Қатар Patriot және NASAMS III жүйелеріне инвестиция салған. Кувейт Patriot PAC-3 пен Италияның Aspide жүйелерін орналастыруда.
Соңғы шабуылдар бұл жүйелердің жоғары тиімділігін көрсетті. Кувейт 25 әуе нысанын жойғанын хабарлады. Иордания сегіз зымыранды атып түсірсе, Бахрейн Иранның зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын жойғанын мәлімдеді. Алайда мұндай шабуылдардың бетін қайтарудың құны өте жоғары.
Иранда өндірілетін Shahed ұшқышсыз ұшу аппараттарының әрқайсысының құны шамамен 30 мың АҚШ долларын құрайды. Ал оларды жоюға қолданылатын заманауи зымырандардың бағасы бірнеше миллион долларға дейін жетуі мүмкін. Арзан ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қымбат зымырандарды пайдалану экономикалық тұрғыдан үлкен шығын әкелуі мүмкін. Сарапшылар ұзаққа созылған қақтығыс жағдайында әуе қорғанысы қорларының азаю қаупін атап көрстуде.
Пәкістан АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді жандандыруға күш салып келеді. Исламабад тараптарды әскери қақтығысты тоқтатып, техникалық келіссөздерді қайта бастауға шақырды.
Қатар мен Оман да делдалдық үдерістерге қатысуда. Алайда жексенбі күні Қатарға жасалған шабуылдар Доханың делдал ретіндегі рөліне кері әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан әзірге Қатар келіссөздер үдерісінен шығуға ниет білдірген жоқ.
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының бағалауынша, сәуір айына қарай Пентагон THAAD жүйелеріне арналған зымырандардың кемінде жартысын, Patriot жүйелеріне арналған оқ-дәрілердің шамамен жартысын және Tomahawk зымырандарының үштен біріне жуығын пайдаланған. Қақтығыстың төрт айы ішінде АҚШ-тың әскери шығындары Пентагон деректеріне сәйкес 80–100 млрд АҚШ долларына жеткен.
Сонымен қатар, Иранның шабуылдарынан зақымданған америкалық әскери базаларды қалпына келтірудің өзіне 30 млрд доллардан астам қаржы қажет болуы мүмкін.
АҚШ әкімшілігі Конгреске әскери шығындарды жабу үшін 87,6 млрд доллар көлемінде қаржы бөлуді ресми түрде сұрады. Оның ішінде 21 млрд доллар оқ-дәрі қорын толықтыруға бағытталмақ.
Маусым айында Дональд Трамп өндіріс көлемін жеделдету мақсатында Қорғаныс өндірісі туралы заңға қол қойды. Алайда өндірістік қуаттарды кеңейту үшін уақыт қажет.
Сарапшыларының бағалауынша, қару-жарақ қорын соғысқа дейінгі деңгейге қайтару үшін бір жылдан төрт жылға дейінгі уақыт қажет болуы мүмкін. Ал The Hill басылымының мәліметіне сәйкес, АҚШ армиясына жұмсалған қару-жарақ қорын толықтыру үшін кемінде төрт жыл қажет. Бұл мерзімге қол жеткізу Конгресс қажетті қаржыландыруды мақұлдаған жағдайда ғана мүмкін болады. Қару-жарақ қорын қалпына келтірудің ұзаққа созылуы Вашингтонның жақын болашақта жоғары қарқынды ұзақ мерзімді қақтығыстар жүргізу мүмкіндігіне күмән тудырады.
Әскери қақтығыстардың қарқындылығына қарамастан, өңірдегі шиеленісті бәсеңдетуге мүмкіндік беретін кейбір дипломатиялық белгілер де байқалады. Мәселен, Иран бірнеше жыл бойы «тыңшылық жасады» деген айыппен қамауда отырған АҚШ азаматын босатты. Дональд Трамп бұл шешімді «ізгі ниет белгісі» деп бағалады.
Сонымен қатар, Иранның бас келіссөзшісі Мохаммад Бақер Қалибаф қақтығысты тоқтату үшін жаңа келіссөздердің әлі де мүмкін екенін меңзеді. Тегеран меморандумға қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын және ауқымды шиеленіске ұмтылмайтынын көрсетіп отыр.
Алайда, бұған қарамастан, екі тарап та қазіргі уақытта бітімнің тоқтатылғанын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі қазіргі таңда Тегеранның басты басымдығы — елдің аумақтық егемендігін қорғау және АҚШ шабуылдарына лайықты жауап беру екенін баса айтты.
Сол себепті қазіргі уақытта аймақта бейбітшілік орнау мүмкіндігі белгісіз күйінде қалып отыр.
Автор: Мария Уткина

















