Америка мен Иран Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол жеткізу үшін өзара ымыраға келуге дайын сияқты.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Financial Times басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Вашингтон Иранның уранды байытуды тоқтатуы жөніндегі негізгі талабына қатысты икемділік танытуға дайын екенін аңғартқан.
Хакан Фиданның сөзінше, Тегеран нақты келісімге қол жеткізуге шын мәнінде мүдделі және 2015 жылғы ядролық келісімде қарастырылғандай, байыту деңгейіне шектеулер қоюға және қатаң тексеру режимін қабылдауға дайын.
Түркия Сыртқы істер министрі: “Америкалықтардың Иранның уран байытуын нақты белгіленген шеңберде қабылдауға дайын екені- оң белгі. Ирандықтар америкалықтармен келісім жасау қажеттігін түсінсе, америкалықтар ирандықтардың белгілі бір шектеулері бар екенін түсінді. Оларды мәжбүрлеуге тырысудың мәні жоқ”, -деді.
Фиданның сөзінше, егер АҚШ барлық мәселелерді бір мезетте шешуді талап етсе, соның ішінде Иранның баллистикалық зымыран арсеналы мен оның аймақтағы қарулы топтарды қолдауы мәселесін қоса қарастырса, ядролық бағдарлама мәселесін реттеу ілгерілемейді. Мұның соңы аймақта тағы бір соғысқа әкелуі мүмкін”, — деп ескертті.
Түркия Сыртқы істер министрі Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Вашингтонға сапарында Дональд Трампқа ықпал етуге тырысуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп: “Израиль үшін аймақта әскери үстемдікті сақтау-басым міндет. Иран зымырандарының болуы бұл мақсатқа жетуді қиындатады”,-деді.
Хакан Фидан Вашингтонның шабуылынан Ирандағы режим ауысуы мүмкін екеніне сенбейтінін айтып: “Мен режим ауысады деп ойламаймын. Әрине, мемлекеттік мекемелер мен кейбір нысандар зақымданып, қирауы мүмкін. Бірақ режим саяси құрылым ретінде жұмысын жалғастыра береді”,- деді.


















