Франция Президенті Эммануэль Макрон Украинаға қатысты келіссөздерде Еуропаның тікелей рөлі болуы керектігін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Франция Президенті Эммануэль Макрон Бельгиядағы Еуропалық Одақ көшбасшыларының бейресми кездесуінен кейін қатаң мәлімдеме жасап, Еуропа өзінің қауіпсіздігі шешіліп жатқан келіссөздерде сырттай бақылаушы болып қала алмайтынын баса айтты.
Эммануэль Макрон Елисей сарайының X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған мәлімдемесінде: “Еуропаның болашағы, өркендеуі және қауіпсіздік құрылымы талқыланып жатқан кезде еуропалық елдер келіссөз үстелінде болуға міндетті”, — деді.
Бұл жағдай Украина бойынша дипломатиялық байланыстың Еуропалық Одақтың толық қатысуынсыз жандануына байланысты туындады.
Макронның айтуынша, Ресеймен диалог орнату үшін жағдай жасалған кезде біртұтас әрі дәйекті түрде әрекет ету үшін Еуропалық Одақ алдын ала ортақ ұстаным қалыптастыруы тиіс. Соңғы айларда Украинадағы қақтығысты реттеудің түрлі форматтары талқылануда, алайда байланыстың бір бөлігі Еуропалық Одақтың институционалдық форматы аясынан тыс өтіп жатыр.
Эммануэль Макрон көптен бері еуропалық егемендік идеясын, яғни Еуропалық Одақтың қорғаныс және қауіпсіздік мәселелерінде сыртқы ойыншыларға тәуелділігін азайтуды көздейтін тұжырымдаманы алға тартып келеді.
Украинада жалғасып жатқан соғыс пен НАТО-ның кеңеюі және Ресеймен шиеленіскен қатынас жағдайында Еуропалық Одақтың дербес ұстанымы мәселесі іс жүзінде маңызға ие болуда.
Париждің пікірінше, егер шешімдер Еуропалық Одақтың қатысуынсыз қабылданатын болса, бұл ұзақ мерзімді перспективада Еуропаның ұстанымын әлсіретеді.
Эммануэль Макрон Еуропа Брюссельден тыс жерде қабылданған шешімдерге бейімделмей, өз қауіпсіздігінің параметрлерін өзі анықтауы тиіс деген Францияның стратегиялық бағытын айқындап берді.




















